«Енді орден-медальдың саны қысқарады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 10 шілде, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз Қазақстан агенттігі (БСҚТҚА) 2011-2012 жж. Қазақстанның жоғары оқу орындарының қызметіне жүргізілген зерттеудің нәтижесін ұсынады. Жыл сайын өткізілетін институционалдық рейтингтің негізгі мақсаты жоғары білімнің ұлттық жүйесін дамыту, жоғары оқу орындарының бәсекелестікке қабілеттілігін және олардың қызметінің сапасын жоғарылату болып табылады. Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарының басты рейтингі барлық стейкхолдерлер үшін жоғары оқу орнының елдің басқа жоғары оқу орындары арасындағы орны туралы сенімді ақпарат көзі бола алады. Жүргізілген саралау негізінде баға қалыптастырып, маңызды шешімдер қабылдауға болады.«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында еліміздің көпсалалы жоғары оқу орындарының деңгейі жайында «Қазақстан-2012: жоғары оқу орындарының басты рейтингісі» деген тақырыптағы мақалада басып отыр.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында тау көтерген Толағай - зілтемірші Илья Ильин туралы жазылып отыр. «Ол еліміз егемендікке жеткелі бергі жылдарда олимпиялық спорт түрлері бойынша әлемнің үш дүркін чемпионы атанған екінші спортшы болды. Ол бұл атаққа 1995 жылы ен таққан шаңғышы Владимир Смирновтың жетістігін қайталады (жалпы, бұл спортшы кеңес кезеңін қосқанда, әлемнің 4 мәрте чемпионы атанды). Ал Илья үш мәртелік мәртебеге ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, былтырғы жылғы қараша айында қол жеткізді. Болашақ Олимпиаданың бір дүркін, әлемнің үш мәрте және әлемнің жастар (жасөспірімдер) арасындағы екі рет чемпионы атанатын алып тұлғаның есімі бірінші рет республикалық баспасөз бетінде 1998 жылы жарқ етті. Бұған осы жылы он жасар Ильяның еліміздің 18-ге дейінгі жасөспірімдер арасындағы біріншілігінде ерекше көзге түскені себеп болып еді»,-делінген басылымда. Спортшы жайында жазылған мәліметтерден толық ақпарат алғыңыз келсе толғырақ білгіңіз келсе «Тау көтерген Толағай» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстан Көшбасшысының Жарлығымен биік мәртебелі жаңа комиссия құрылып отыр: Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын бұл «Ведомстволық наградалар жөніндегі геральдикалық комиссия» кеше, Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен, өзінің тұңғыш отырысын өткізді. Мемлекеттік хатшының сөзіне қарағанда, төсбелгілер мен медальдардың сыртқы пішіні мен безендірілуіне мұқият болу қажет. Награда көңіл толатындай көрнекті, көз тартардай әдемі болуы шарт. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Енді орден-медальдың саны қысқарады» атты мақаланы қараңыз.
***
«Мәжілістің биылғы сайланған депутаттарының өздерінің салаларын жақсы білетіндері көп. Дегенмен, талқыланатын заң жобалары олардың салаларымен сәйкес келмей жатады. Сол себепті оларға өздерін көрсететіндей мүмкіндік тумай тұр. Бұған қоса, парламентаризм - отырып алып, айқайлай беретін жер емес. Дау-дамай мен пікірталас жұмыс тобының отырыстарында ғана болады. Осылайша кез келген мәселе пленарлық отырысқа бірнеше сүзгіден өтіп, пысықталып қана шығады. Бүгінде депутаттар мақұлдаған заңдардың Парламент Сенатынан бірнеше мәрте кері қайтатын кезі азайып келеді». Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында палаталас әріптестерінің жұмысы жайлы осындай ой айтады.
Аталмыш басылым бүгінгі санында «Алаштың бизнес әліппесі» және «Алаштың киноиндустриясы» атты арнайы беттер жарыққа шығады. Бизнесті бастауға арналған бетте болашақ кәсіпкерге, соның ішінде, брендтік өніммен байланысты кәсіпке құмар іскерлер үшін қызықты-танымдық мәліметтер беріледі. Сонымен бірге, банк-өндіріс-бизнес формуласының мәні туралы айтылады. «Бесжылдық мерзімде банк-өндіріс-бизнес формуласының бірігетініне сенесіз бе» деген сауалға байланысты сарапшылардың кереғар пікірі бар.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, 11-12 шілдеде Қазақстанға Польша Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Томаш Семоняк ресми сапармен келеді.
Сапар аясында Польша қорғаныс министрінің қазақстандық әріптесі Әділбек Жақсыбековпен кездесуі жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Польша үкіметтерінің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою көзделеді.