Енді татуласу арқылы істі қысқарту жәбірленушінің еркіне байланысты болмақ - Бас прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тіркелген қылмыстардың 90 пайызын онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар құрайды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан семинар-кеңесте ҚР Бас пркурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.
«Жаңа Қылмыстық кодеске тоқталатын болсақ, онда бірқатар жаңа ережелер бекітілген. Жалпы, бүгінгі күні тіркелген қылмыстардың 90 пайызын онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар құрайды. Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша, егер де айыпталушы жәбірленушімен татуласып, келтірілген зиянның орнын толтырса, онда қылмыстық жауаптан босатылады. Ең басты талап - адам қазасының болмауы. Жалпы мұндай мүмкіндік қазіргі Кодексте де бар, бірақ екі жақ өзара келіссе де, қылмыстық істі қысқарту - ол тергеушінің, прокурордың немесе соттың құқығы. Әрине, бұл жемқорлыққа жол ашады», -деді Ж. Асанов Қылмыстық атқару кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің жаңа моделіне көшу мәселелері бойынша өткен семинар-кеңесте.
Осы орайда ол жаңа Кодекске сай осы тәртіп өзгеріп отырғандығын атап өтті. Енді татуласу арқылы істі қысқарту жәбірленушінің еркіне ғана байланысты.
«Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің басты мақсаты - сот үдерісін жеңілдету, істердің тез қаралуын қамтамасыз ету, осы арқылы тиімділігін арттыру. Біріншіден, бұл Кодекс соттың рөлін біраз күшейтеді. Тергеу судьясы деген жаңа тұлға пайда болмақ»,-деді Ж. Асанов.
Тергеу судьясы тергеушінің, прокурордың кез келген шешімі мен әрекетінің заңдылығын тексеріп, олардың күші жоя алады.