Енді тек Қазақстанның азаматтығы құжаты бойынша ғана әлеуметтік көмек беріледі

  АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін www.bnews.kz порталында өткен Online-конференция барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке жалған құжат жасайтындар, оралман атын жамылып, ақша ұрлайтындар бой көрсетіп қалып жатады және оны алдағы уақытта болдырмау үшін қандай шаралар қолданылуда, деген сұрақ келіп түсті.

Енді тек Қазақстанның азаматтығы құжаты бойынша ғана әлеуметтік көмек беріледі

  «Бұл құқық қорғау органдарының жұмысы. Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған құжат жасайтын қылмыстық топтардың болуы  елге аян болып отыр. Үкімет осы мәселеге жіті көңіл аударуда», деді комитет төрағасы.

  Оның айтуынша, бұл қолданыстағы  заңның әлсіз тұстарының барлығынан, ал қазіргі әзірленіп жатқан жаңа заң жобасында осы жайттар толығымен қарастырылған. Қазіргі заңнамада адамдардың өздері келмей-ақ сенімхат арқылы құжат тапсыруына мүмкіндік берілген еді.  Азаматтыққа құжатын тапсырғаннан кейін сол анықтама арқылы тиесілі мемлекеттік әлеуметтік көмек беріліп келген. Ақша қалтаға түскеннен кейін кейбір азаматтардың қайтадан еліне немесе басқа жаққа кетіп қалатын оқиғалары  кездескен.

  «Азаматтығы, құжаты шығады, ал алатын адамы жоқ. Енді тек азаматтығы шыққаннан кейін, Қазақстанның азаматтығын растайтын құжатымен ғана мемлекеттік әлеуметтік көмекті алатын болады. Біз Көші-қон заңында осы норманы түзетіп жатырмыз. Қазір өткен жылдары  жалған құжаттармен Қазақстанға келген азаматтар да анықталып отыр. Тіпті кейбіреулер екі мәрте әлеуметтік көмек алған жайттар да кездеседі. Осының барлығы  жаңа заң жобасында, құжаттарда жөнделіп, осы мәселелер төңірегінде үлкен жұмыстар жасалып жатыр», деді Қ.Әбішев.