Ендігі мақсат Қазақстанның ғарыштық мемлекеттер қатарына қосылуы үшін жағдай жасау - Т. Мұсабаев
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған келісім Қазақстан үшін ғарыш қызметімен айналысуға толық мүмкіндік береді. Бұған дейін біздің еліміз бұл салаға ешқандай тікелей араласа алмайтын, тек Ресеймен хат алысып, кешен маңындағы ұсақ-түйек мәселелерден аса алған жоқ едік. Сондықтан да ендігі мақсат Қазақстанның ғарыштық мемлекеттер қатарына қосылуына жағдай жасау. Қазақтың жерінде әлемдегі теңдессіз «Байқоңыр» кешені бар. Сондықтан да біз өз жеріміздегі ғарыш айлағының толыққанды иесі болуға тиіспіз. Ал бүгінгі келісім қазақстандық мамандардың өз бетімен ғарыш қызметімен айналысуына толық мүмкіндік береді», деді Т. Мұсабаев.
Агенттік төрағасының айтуынша, елімізде ұлттық ғарыш агенттігі құрылғаннан бастап қана, осы салада өзіндік инфрақұрылым қалыптасқан. Қазіргі күні ұлттық кадрлер жинақталып, аз болса да білікті мамандар «бір тудың астына» шоғырланды. «Ендігі күні дәл бүгінгі кезеңде осы келісімді қабылдауға тиіспіз. Сонда ғана Қазақстан болашақтағы өзіндік ғарыш саласын қалыптастыра алады», деді Т. Мұсабаев.
Сондай-ақ, депутаттар сауалына жауап беруі барысында Агенттік төрағасы Қазақстанның Халықаралық ғарыш одағына енбеуі салдарынан біздің ұшқыштарды ғарышқа ұшыру мәселесі күрделеніп кеткенін айтқан болатын.