Энергетика экономиканың тежеуіші болмауы керек - Алматы жылу электр станциясынң Басқарушы директоры
АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Энергетиканың дамуы экономиканың өсімінен ілгері болу керек.
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Энергетиканы дамыту халықтың әл-ауқатын көтерудің негізі» деген тақырыптағы V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз болды. «Қазақстан-2030: әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың негізгі бағыттары» форумы аясында өткізілген бұл шараны «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты ұйымдастырған болатын.
«Энергетика - өте күрделі сала. Оны әрдайым бақылап, қарап отырмаса шешілмейтін сұрақтары көбейіп кетуі мүмкін. Ол экономикамен тығыз байланысты. Энергетика артта қалса экономиканың дамуы кейін қалып қояды. Энергетика жоғары жылжитын болса экономика да алға жүреді. Энергетика экономиканың тежеуіші болмауы керек. Олар қатар жүруі тиіс. Менің ойымша, энергетика тіпті экономикадан алда болуы қажет», - дейді Алматыдағы №1 жылу электр орталығының атқарушы директоры Исахан Сырғабаев.
И.Ақтанұлының айтуынша, энергетика экономиканың басқа салаларын өзімен бірге алға тартып отыру керек. 80 жылдардың аяқ шенінде энергетика саласында құрал-жабдықтар мен құбырларды ауыстыру мәселелері жиі көтерілсе де, өз шешімін толық таба алмай келеді. Бұл ахуал тек соңғы 5-10 жылдың көлемінде оң бағытта өзгере бастады. Салаға қомақты қаржы келіп, құрал-жабдықтар, құбырлар ауыстырылып, жөнделе бастады. Исахан Сырғабаевтың сөзіне қарағанда, «Жалпы бұл саладағы ең негізгі мәселе қазір экологияға қатысты болып отыр. Бұл ахуал Алматыда да ең көкейкесті болуда. Бұдан бөлек оңтүстік өңірде энергетикалық тапшылық мәселесі өзекті жәйттің бірі болып отыр. Мойнақ, Балқаш су электр станцияларының салынуы осы түйінді шешу үшін жасалуда».