Энергетика министрі инвесторлармен бірлесе жүзеге асырылатын газ жобаларын атады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздің аумағында газ тарту жөніндегі жоспар мен тетіктерге түсінік берді.
«2030 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін 65 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі 60%-құрады, яғни 12 млн адам газға қол жеткізе алды. Биыл газдандыруды жалғастыруға 90,4 млрд теңге бөлінді, бұл 244 мың адамды газбен қамтамасыз етуге немесе газдандыру деңгейін 61,1 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді А.Сәтқалиев Сенатта «Орнықты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде Қазақстанда баламалы энергия көздері мен жасыл технологияларын дамыту» тақырыбындағы міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия отырысында.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды қажет газ көлемімен қамтамасыз ету мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған.
Аталған жобалардың ішінде:
- «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші екіншісін желісін салу;
– «Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын салу;
- «Сарыарқа» құбырының келесі кезеңін іске асыру;
- «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу.
«Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру үшін сыртқы инвестицияларды тарту ескерілген.
Мемлекет басшысының жақында Қатарға жасаған сапары барысында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» және «Ақтөбе-Қостанай» 2-ші желісін салу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша қатарлық инвесторлармен (Power International Holding) келісімдерге қол қойылды.