Биыл жер қойнауын игеру келісімшарттарына ревизия жасалады
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ведомствоның алқа мәжілісінде жосықсыз инвесторлармен күрес жалғасатынын мәлім етті.
- 2026 жылы кемінде 2 электрондық аукцион өткізу және міндеттемелерін орындамаған келісімшарттарға ревизия жүргізу жоспарланып отыр, - деді ол.
Ерлан Ақкенженов 2025 жылы жер қойнауын пайдаланушылар сатып алған тауарлар мен қызметтердің 65 пайызын қазақстандық компаниялар жеткізгенін айтты. Оны ақшаға шақсақ, 3 трлн теңге деген сөз.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұлды доллармен есептеу мүмкін емес екенін айтқан болатын.
– Қазақстан аумағындағы экологиялық құқық бұзушылықтар мәселелері тек ұлттық заңнама аясында ғана қаралады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар Экологиялық кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұлттық валютада салынады. Осыған байланысты аталған айыппұлдарды шетел валютасына теңестіру, сондай-ақ осыдан туындайтын валюталық мәндегі «шығындар» туралы тұжырымдар мұндай өндіріп алулардың құқықтық табиғатына сәйкес келмейді және құқық қолдану тәжірибесінде қолданылмайды, - деді Үкімет басшысы жауабында.