13:30, 20 Сәуір 2022 | GMT +5
Энергетика министрі мұнай өндірудегі бастапқы жоспарын орындалуы туралы айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Каспий құбыр консорциумы жөнделсе, Қазақстан мұнай өндірудегі бастапқы жоспарына оралуы мүмкін. Мұны ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында да Каспий құбыр консорциумының жұмысы ұзаққа тұралап қалады деген сын-қатерлер болды. Сондықтан Қазақстанның мұнай өндіру жоспары 87,5 млн тоннадан 86 млн тоннаға дейін қайта қаралған еді. Бұл жоспарды біз орындаймыз. Яғни, барлық маршруттарымызды іске қосып, Каспий құбыр консорциумының жұмысы ертерек қалпына келсе, бастапқыда жоспарлаған 87,5 млн тоннаға да қол жеткізуіміз мүмкін. Әзірге осындай болжамымыз бар», - деді Болат Ақшолақов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен бірге, министр экспорттың баламалы маршруттары ретінде Атырау-Самара мұнай құбыры мен Ақтау портын атады.
Еске салсақ, Қара теңіздегі дауылдың салдарынан Каспий құбыр консорциумының құбыр жүйесіне зақым келді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, апаттан келген шығын 100-150 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр.