Энергетика министрі «Таза көмір» жобасының мәнін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан елдегі көмір қорын энергетика саласына тиімді пайдалану үшін «Таза көмір» жобасын қолға алмақшы. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет кулуарында аталғанжобаның мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Болат Ақшолақовтың мәліметінше, «Таза көмір» жобасы көмір эспортының көлеміне әсер етпеуі керек. Өйткені жоба көмірді барынша қалдықсыз тұтынуға бағытталған.
«Еліміз көмірге бай. Ол өзіңізге де анық мәселе. Жалпы көмірді қалай барынша қауіпсіз, экологияға әсерін азайтып пайдалануға болатынын әлем бойынша зерттеп жатыр. Мұның бірі – күлді азайту. Қазіргі таңда өндіріп жатқан кезде көмір күлінің үлесі 47-ден 50 пайызға дейін жетеді. Соны 3 пайыз немесе одан да азайтып, стансаларға пайдалануға болады. Екінші жолы – көмір жағудың жаңа технологиялары. Мысалы, арнайы кальциттер, арнайы химиялық қоспалар бар. Яғни, қоршаған ортаны ең көп ластайтын «СО2» (көмірқышқыл газы – ред.) сияқты химиялық қосылыстардың бәрін ұстайтын технологиялар бар», - деді министр.
Дегенмен, министрдің сөзіне қарағанда, бұл технологиялар эксперименталдық деңгейде ғана жұмыс істеп тұр. Ал индустриялдық деңгейде пайдалану үшін технологияны дамыта түсу керек.
БАҚ өкілдері министрден «Таза көмір» жобасын кім ұсынып отырғанын сұрады.
«Бұл министрліктің ұсынысы ма, әлде көмір саласының монополистері ұсынып отыр ма?» деді журналист.
«Жоқ. Біріншіден, көмір - бізде ежелден дамыған үлкен саланың бірі. Екіншіден, бұл бір компанияға байланып тұрған жоқ. Технология ретінде оны болашақта пайдалануға болады. Мұны біздің министрлік басқа мекемелермен бірге қарастырып жатыр. Басқа сөзбен айтқанда, қазір «Көмір жағуға болмайды. Бұл экологияға үлкен зиян» деген әңгімелер айтылып жатыр. Бірақ, қалай болса да, ол бізге Алланың берген байлығы. Оны мұқият қарап, қолдану жолдарын іздестіру керек», - деді Болат Ақшолақов.