Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытына қатысты жағдайға түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ішкі нарығын газбен қамтамасыз ету қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр.
Министрлік бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытының айналасындағы жағдайға қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Орынбор газ өңдеу зауыты жұмысының іркілісіне байланысты Қазақстанға газ жеткізуге қауіп төнуі мүмкін деген пікір айтылған еді.
Энергетика министрлігінің өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, аталған жағдай отандық тұтынушыларға тауарлық газ жеткізудің тұрақтылығына әсер еткен жоқ.
— Оқиға отандық тұтынушыларды тауарлық газбен тұрақты қамтамасыз етуге әсер еткен жоқ. Диспетчерлік қызметтер логистиканы жедел түрде қайта ұйымдастырып, қарсы бағыттағы газ көлемдерін баламалы маршрут арқылы жеткізуді қамтамасыз етті.
Отын көлемдері басқа көздер есебінен үздіксіз толықтырылуда. Қазақстанның газ инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ішкі нарық энергия ресурстарымен толық қамтамасыз етілген, жағдай министрлік пен ұлттық оператордың тұрақты бақылауында, — деді ол.
Айта кетелік Газпромның Орынбордағы зауыты Қарашығанақ газын 2050 жылға дейін өңдейтін болғаны туралы жазған едік.