Энергетика министрлігі еліміздегі жылу қазандықтарының дайындығы бойынша есеп берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов жылу беру маусымына дайындық аясында еліміздегі қазандықтардың жағдайы бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика министрлігі еліміздегі жылу қазандықтарының дайындығы бойынша есеп берді
«Қазір «Риддер жылу электр орталығы» акционерлік қоғамында мердігер ұйымдар барлық 6 қазандық бойынша жөндеу жұмыстарын атқарып жатыр. 6 қазандықты күрделі жөндеуге Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажет деп санаймыз», - деді Ж. Нұрмағанбетов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету аясында алдағы жылу беру маусымында 10 қазандықты жөндеу ескерілген. 5 қазандықты жөндеу жеке компанияның есебінен, қалған бесеуі бюджет арқылы іске асырылып жатыр.

«Жезқазған жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, батыс өңірде МАЭК-тің екінші жылу электр орталығында турбина жөндеу кешегіп жатыр», - деді вице-министр.

Шахтинск жылу электр орталығында №3 қазандықты күрделі жөндеу кешігіп, артта қалды. 10 жылдан астам уақыт бойы қазандықтар мен турбиналарға толық күрделі жөндеу жүргізілмеген.

«Степногорск жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету аясында алдағы жылу беру маусымында үш қазандықты жөндеу ескерілген. Энергетикалық кәсіпорынның меншік иесі күрделі жөндеуге 2 млрд теңге бөлді. Сонымен қатар, Кентау жылу электр орталығының қазандықтарын кеңейтілген жөндеу 2015 жылы, ал күрделі жөндеу тек 2012 жылы жүргізілген. Биыл екі қазандықты қайта жаңарту және төрт қазандықты ағымдағы жөндеу жоспарланған. Облыстық бюджеттен шамамен 3 млрд теңге бөлінді. Ал «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының екінші жылу электр орталығының №4 қазандығын жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылады. № 7 қазандықті іске қосу басым міндет болғандықтан, оны пайдалануға беруді жеделдету қажет деп санаймыз», - деді Жандос Нұрмағанбетов.