Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин тапшылығын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бензин бағасына әсер ететін бірқатар факторларды атап өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин тапшылығын түсіндірді

«Біз Қазақстанда мұнай өнімдерін тұтыну деңгейінің едәуір өскенін байқап отырмыз. Оған еліміздегі көлік санынының артуы ықпал етті. Егер 2001 жылы 1 млн 58 мың жеңіл көлік тіркелген болса, 2016 жылы ол 3 млн 924 мыңға дейін жеткен. Соған байланысты Қазақстанда мұнай өнімдерін тұтыну көлемі 2001 жылмен салыстырғанда, 3 млн 590 мыңнан 8 млн 775 мыңға дейін, шамамен 2,5 есе өскен», - деді Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Сонымен қоса, мұнай өңдеу зауыттары шығаратын бензин көлемі де арттырылуда. 2001 жылдан бері ол 1 млн 536 мыңнан 2 млн 900 мыңға дейін жетіп отыр. Яғни, өндірілген бензин көлемі екі есеге өскен.

«Дегенмен бұл өсім біздің қажеттіліктерімізді жаба алмайды. Біз қазір Ресейден жанар-жағармайдың 30 пайызын және дизельдік отынның 15 пайызын Ресейден сатып аламыз», - деді вице-министр.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі бензиннің тапшылығына еліміздің аумағын транзитпен кесіп өтетін көліктердің үлкен сұранысы да әсер етіп жатқандығын тілге тиек етті.

«Егер көрші елдермен салыстырсақ, Ресейде бензин де, дизель отыны да 190-200 теңге тұрады. Қырғызстанда литрі 160 теңгеден саудаланып жатыр. Сондықтан шекаралас аумақтың тұрғындары мен транзиттік көліктер бізден сатып алуды жөн көреді. Былтыр тіпті Қырғызстанға мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау оқиғалары да кезікті», - дейді вице-министр.