Энергетикадағы игі бастама: Топарда жастарға арналған тұрғын үй құрылысы басталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында ірі әлеуметтік жоба басталды – Топар кентінде энергетикалық саладағы жас мамандарға арналған екі бесқабатты тұрғын үй салынып жатыр. «Kazakhmys Energy» компаниясының бастамасы – бейінді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді тарту және оларға лайықты тұрмыс пен еңбек жағдайын жасауға бағытталған.
«Kazakhmys Energy» ЖШС-нің бас директоры Темірлан Өтегенов кадрлық құрамды жаңарту саланың ең маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда энергетикада ұрпақ ауысымы мәселесі өзекті болып отыр. Тәжірибелі мамандар зейнетке шығады, олардың орнын жас кадрлар алмастыруы қажет. Сол мақсатта біз Алматы энергетика университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетімен бірлесе жұмыс істейміз. Түлектерді өндіріске тарту үшін 80 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы басталды. Жұмыстарды 15–16 ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл тек бастама ғана: осы секілді жобалар Балқаш пен Жезқазғанда да жүзеге асырылады, - деді ол.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғын үй құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің үлгісі екенін және өңір үшін маңызды оқиға екенін айтты.
– Бүгін біз болашаққа қадам бастық, жас энергетиктерге арналған екі тұрғын үй құрылысына алғашқы адымды жасадық. Бұл 80 пәтер – өңірдің игілігі үшін еңбек етуге дайын мамандарға тиесілі. Біз үшін Топар және Қазақстанның басқа өнеркәсіптік орталықтарында өмір сүру және жұмыс істеу үшін қолайлы жағдайлар жасалуы маңызды. Мұндай жобалар әлеуметтік тұрақтылықты күшейтіп, энергетик мамандығын жастар үшін тартымды етеді және тікелей өңірдің дамуына ықпал етеді, - деді облыс басшысы.

Салтанатты рәсімде бір ғимараттың іргетасына капсула салынды. Темірлан Өтегеновтің айтуынша, жоба «Kazakhmys Holding» ЖШС директоры кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
– Бұл тек қызметкерлерге қамқорлық қана емес, сонымен қатар компания мен өңірдің болашақ дамуын қамтамасыз ететін әлеуеті зор мамандарды тарту және оларды ұстап тұрудың стратегиялық қадамы, - деді Темірлан Өтегенов.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұл оқиғаның маңыздылығын тілге тиек етті.
– Топар МАЭС-ы – Орталық Қазақстандағы ірі электр станцияларының бірі, оның тұрақты жұмысы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Турбинаны іске қосу және тұрғын үй құрылысы – энергетика мен әлеуметтік саланың кешенді дамуын көрсететін стратегиялық қадамдар, - деді Сұңғат Есімханов.
Компания тұрғын үй құрылысы – кадрлық әлеуетті қолдаудың ұзақ мерзімді бағдарламасының бір бөлігі екенін айтады. Сол сияқты үйлер Қазақстанның басқа өнеркәсіптік орталықтарында да салынады.
Бұл оқиғалар Мемлекет басшысы жариялаған Еңбек мамандықтары жылында жүзеге асырылып отыр. Осылайша, жұмысшы мамандықтарға құрмет көрсетіліп, өңірлерді дамыту бағытына сай келеді.