Энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгілерге сатуға қатаң тыйым салынды - министрлік
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың қаңтарынан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға қатаң тыйым салынады.

- Бұл қадам өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын қорғау, семіздік пен жұқпалы емес аурулардың алдын алу мақсатында қолға алынды, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің үндеуінде.
Ведомствоға қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың дерегінше, күн сайын 14-16 жастағы жеткіншектер энергетикалық сусындарды емін-еркін сатып алып жатыр.
- Көп жағдайда сатушылардың өздері заң талаптарын сақтамайды. Барлық сауда нүктелерінің иелеріне заңды қатаң орындауға шақырамыз: энергетикалық сусындар дүкенде де, автоматтарда да, интернет арқылы да 21 жасқа дейінгілерге сатылмауы тиіс. Әрбір сауда кезінде сатып алушының жасын растайтын құжат тексерілуі керек, – деді ол.
Сондай-ақ сауда орындарында келесі мазмұндағы ескерту жазбасы көзге бірден түсетін жерге қойылуы тиіс: «Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі тұлғаларға сатуға тыйым салынады».
Министрлік өкілдері ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге, энергетикалық сусындардың зияны туралы түсіндіруге және салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетуге шақырды.
«Балалардың не сатып алып жүргеніне қызығушылық танытып, олардың денсаулығына бейжай қарамау аса маңызды», – делінген үндеуде.
Айта кетейік, бұған дейін энергетикалық сусындарды сатуға лицензия беру керек пе деген сауал талқыға түскен.