Энергетикалық сусынға тәуелділіктен қалай құтылуға болады — дәрігер кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің «Біздің орта» атты подкастында елімізде 21 жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу мәселелері талқыланды.

энергетикалық сусын
Фото: Pexels

Әңгіме барысында дәрігер Дінмұхаммед Бақтиярұлынан энергетикалық сусынға тәуелділікпен күрес туралы сұраған едік.

— Организмге үш-ақ нәрсе керек — ұйқы, дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік. Егер осыларды дұрыс пайдаланған жағдайда, адамдар артық ештеңе қажет ептейді. Мен қазір мектеп жасындағы балаларға жыныстық сауаттылық бойынша лекциялар, сабақ өтемін. Жыныстық жетілу кезіндегі маңызды жайттарды айтамын, оның ішінде ұйқының маңыздылығы бар. Күнделікті өміріміздің 8 сағатын ұйқымен өткіземіз, демек 60 жыл жасасақ, 20 жылымыз ұйқымен кетеді, бұл біз үшін маңызды, өйткені организм қалпына келуі керек. Түнде сағат 22:00–де ұйықтау керек деп айтады, бірақ телефон қарайды, басқа нәрселер жасайды, сөйтіп түнгі сағат 2-3-те ұйықтайды да 8 сағатын толтырады, ол дұрыс ұйқы емес. Өйткені, организмде белгілі бір уақытта бөлінетін гармондар бар, оның үстіне жасөспірімдер үшін маңызды, — деді Дінмұхаммед Бақтиярұлы әңгіме барысында.

Маманның айтуынша, жасөспірімнің жетілуінде өсу гармоны маңызды әрі басты рөл атқарады. 

— Осы уақытта ұйқы дұрыс емес болса, бойдың өсуі, салмақтың жиналуы бойынша проблемалар туындайды. Бізде таңға жақын кортизол гормоны өседі, ол күйзеліс гормоны ол да организмнің өсуіне кері әсер етеді. Оны басу үшін салқын сумен шайынуға болады, ол энергетикалық сусынның орнын басады және пайдалы. Барлық ритмді реттеп отырғанда ғана организмге сырттан ештеңе керек емес. Дұрыс тамақтану да маңызды, энергетиктен бөлек бізде ішіп-жейтін ас көп. Бургердің құрамы қант пен көмірсу. Көмірсулар организмді артық салмаққа алып келеді, артық салмақ қысымның көтерілуіне, тестостеронның төмендеуіне, ұйқының қанбауына, жұмыс істеуге ниеттің болмауына алып келеді. Одан кейін физикалық қозғалыс, адам аптасына 150 минут аэробикалық жаттығулар, 2 рет күш жаттығуларын жасап тұруы тиіс, бұл база, — дейді ол. 

Дәрігер келтірген зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің 80%, ересектердің 46% аталған базалық жаттығуларды жасамайды.

Бұдан бұрын жасөспірім аппараттан энергетикалық сусын сатып алса, жауапкершілік кімге жүктелетіні анықталды.

Соңғы жаңалықтар