Энергетикалық жұмбақ: Профицит бар, бірақ тапшылық неге жойылмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Президент «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында электр энергиясымен қамту мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық тәуелсіздік елдің бәсекеге қабілеті мен экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші фактордың бірі деп атаған. Осы орайда қазіргі ахуалға шолу жасап көрейік.

энергия
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Бүгінде Қазақстандағы электр энергиясының өндіріс көлемі – 123 млрд кВт/сағ. Өнеркәсіп, құрылыс, цифрландыру қарқынын және болашақта іске қосылатын деректерді өңдеу орталықтарын ескерсек, деңгей жеткіліксіз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу міндетін қойды.

Қазақстан электр энергиясын қайдан алады?

Ең алдымен, мемлекет электр энергиясына деген ішкі сұранысты толық дерлік қамтып отырғанын айту керек. Өткен жылы елде 123,1 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 124,6 млрд кВт/сағ болды. Демек, отандық генерация ішкі қажеттіліктің шамамен 98,8 пайызын өтеген. Таза тапшылық 1,5 млрд кВт/сағ шамасында – жалпы тұтынудың небары 1,2 пайызы.

Өткен жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінен 0,8 млрд кВт/сағ электр энергиясын алды, ал оларға 1,78 млрд кВт/сағ электр энергиясын экспорттағанбыз. Ресейден 4,64 млрд кВт/сағ электр энергиясы жеткізілсе, Қазақстан 2,16 млрд кВт/сағ электр энергиясын жіберді.

Алайда Президент Жолдауда мәселенің басқа қырына назар аударған болатын: электр энергиясының нақты қай уақытта қажет болатыны және оның қандай бағамен сатып алынатыны маңызды. Мысалы, Қазақстан қыс мезгілінде көршілес елдерден электр энергиясын жоғары бағамен сатып алады. Ал жазда өзге елдерге электр энергиясы әлдеқайда төмен бағамен экспортталады. Яғни сұраныс артатын кезеңде электр энергиясын қымбат бағамен сатып алу өндіріс көлемін арттыру керегін білдіреді.

Әрине, электр энергиясы күнібұрын өндіріп, қоймада сақтайтын зат емес. Электр энергиясын өндіру мен тұтыну әр сәтте баланста болуы керек. Егер өндіріс көлемі сұраныстан асып кетсе, генерацияны азайтуға тура келеді немесе артық энергияны көршілес елге экспорттауға мәжбүрміз. Мұндай электр энергиясының трансшекаралық ағыны – қалыпты тәжірибе. Өйткені Ресей мен Орталық Азия елдері Қазақстанға өндіріс пен тұтыну арасындағы теңгерімді сақтауға көмектеседі.

Қазақстанда электр энергиясы қай өңірде өндіріледі?

Көпшілік ең алдымен Екібастұзды атайтыны анық. Алайда ол электр энергиясының жалғыз көзі емес. Шын мәнінде, генерация нысандары еліміздің әр өңірінде орналасқан.

Солтүстік пен орталықта Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Петропавл, Жезқазған, Балқаш секілді қалалық әрі өнеркәсіптік жылу электр орталықтары (ЖЭО) бар. Ұлттық маңызы бар ірі станциялардың қатарына Екібастұздағы екі мемлекеттік аймақтық электр станциясы (МАЭС), Ақсу электр станциясы және Топар МАЭС-і жатады.

Шығыста Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен су электр станциялары (СЭС) маңызды рөл атқарады.

Шульбинская гидроэлектростанция
Фото: «Шүлбі ГЭС»

Батыстағы негізгі энергия көзінің бірі – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК). Ескі болса да энергетикалық комбинат жұмысын жалғастырып келеді. Оның құрамында өңірді электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ететін ЖЭО-1, ЖЭО-2 және жылу электр станциясы бар.

Оңтүстік өңір де электр энергиясы едәуір бөлігін өндіреді. Олардың қатарында Жамбыл МАЭС-і, Алматыдағы ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3, Қапшағай, Мойнақ және Шардара СЭС-тері, Алматының шағын СЭС каскады, сондай-ақ күн және жел электр станциялары бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы электр энергиясының жалпы көлемінің 75%-ға жуығын жылу электр станциялары берген. Газ турбиналы генерацияның үлесі – 11 пайызды, су электр станцияларының үлесі – 8,5 пайыз, ал жел, күн және биогаз энергетикасының үлесі – 6 пайыз.

Электр энергиясы қалай таралады?

Қазақстандағы электр станцияларының басым бөлігі бірыңғай электр энергетикалық жүйе аясында жұмыс істейді. Өндірілген электр энергиясы қосалқы станциялар арқылы жоғары кернеулі желіге беріледі. Одан әрі KEGOC ұлттық операторының магистральдық желілері арқылы өңірлерге бөлінеді. Кейін қосалқы станцияларда кернеу төмендетіліп, өңірлік электр желілері энергияны қалаларға, кәсіпорындар мен тұрғын аудандарға таратады.

Елдің энергетикалық жүйесінің негізгі «қаңқасын» «KEGOC» АҚ басқаратыны белгілі. Компанияның магистральдық желілері өңіраралық және Ресей мен Орталық Азияның энергетикалық жүйелерін байланыстырады.

Қазақстанда 2023 жылғы шілдеден бастап көтерме сауда нарығында Бірыңғай сатып алушы моделі бар. Ол электр станцияларынан электр энергиясын сатып алып, тұтынушыларға орташа бағамен сатады. Алайда электр энергиясының түпкілікті құны тек оны өндіруге жұмсалған шығынмен есептелмейді. Орташа бағаның 61 пайызы – электр энергиясы мен қуатты сатып алу, шамамен 35 пайызы – тасымалдау, ал 4 пайызы – жабдықтау құнына тиесілі.

Өңірлердегі электр желілерінің жағдайы, ұзындығы, оларды күтіп ұстау құны әртүрлі. Сондықтан бірыңғай энергетикалық жүйе электр энергиясына төленетін төлем бірдей болады дегенді білдірмейді.

Бүгінгі жұмыс

Энергетикалық жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінсек, Мемлекет басшысының тапсырмасының мәні де айқындала түседі. Қазір мәселе бірнеше жаңа электр станциясын салуға тіреліп тұрған жоқ. Өндіріс көлемін ұлғайту, резервтік қуат қалыптастыру, электр желілерін күшейту, жүктеменің өзгеруіне жедел бейімделе алатын қуат көзін іске қосу міндеті тұр.

Сондықтан жауапты министрлік бірнеше шешім ұсынды. Алғашқысы – «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекіту. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобаға жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын 19 жоба енгізілген. Оның 8-і – қуаты 5,3 ГВт болатын жаңа нысандар, ал қалған 11-і — қуаты 2,5 ГВт-қа тең қолданыстағы станцияларды кеңейту және жаңғырту жобалары.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Бұл тізімге Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт), Өскемендегі (360 МВт) жаңа жылу электр орталықтары кіреді. Сондай-ақ Курчатовта (700 МВт), Жезқазғанда (500 МВт), Қарағандыда (180 МВт) жаңа электр станцияларын салу көзделген. Екібастұзда да қуаты 2,64 ГВт және 350 МВт болатын екі жоба жүзеге асырылмақ.

Қолданыстағы генерация нысандарын кеңейту де жоспарланған. Атап айтқанда, Екібастұздағы МАЭС-2-ге үшінші және төртінші энергоблок қосу, сондай-ақ Ақсу және Топар МАЭС-терін, Қарағанды, Шахтинск, Өскемен қалаларындағы ЖЭО-ларды жаңарту қолға алынады.

Көмір генерациясын дамытуға арналған ұлттық жоба ауқымды бағдарламаның бір бөлігі ғана. Энергетика министрлігі 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26,3 ГВт-тан асатын энергетикалық нысандарды салып, қазіргілерін жаңартуды жоспарлап отыр. Оның ішінде станцияларды қайта жаңартуға (қуаты 5 ГВт), жаңа генерацияны (10,5 ГВт) іске қосуға қадам жасалған. Жаңартылатын энергия көздеріне (8,4 ГВт), алғашқы атом электр станциясына (2,4 ГВт) басымдық беріледі. Ведомство 2030 жылға дейін 13,3 ГВт қуатты іске қосуды көздеуде.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қызылордада қуаты 240 МВт болатын жаңа бу-газ электр станциясы электр энергиясын өндіре бастады. Бұған дейін министрлік 2026 жылдың соңына дейін елдің оңтүстігінде жалпы қуаты 2 ГВт-тан асатын маневрлік генерация нысандарын іске қосуды жоспарлаған еді. Оның ішінде Түркістан облысында – 926,5 МВт, Алматыда қуаты 544 МВт және 557 МВт болатын екі жоба бар.

Сонымен қатар электр энергиясын жинақтау жүйелері қолға алынбақ. Қазір электр энергиясын сақтау жүйелерін сынақтан өткізу жобасы әзірленуде. Ал Жамбыл облысындағы жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларда энергия жинақтау жүйелері қарастырылған. Осылайша, болашақ энергетика жүйесі біртіндеп қуатты ғана емес, икемді де бола түседі.

Электр желілері де жаңартылады. «KEGOC» оңтүстік аймақтың энергетикалық жүйесін «Шу–Жамбыл» және «Жамбыл–Шымкент» бағыттарына екі жаңа желі қосып, үш қосалқы станцияны кеңейтуде. Жоба аяқталғаннан кейін «Алматы–Жамбыл» учаскесінің өткізу қабілеті 1100 МВт-тан 1500–1600 МВт-қа дейін артуы тиіс.

Ал батыста Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен (БЭЭЖ) байланыстыратын кернеуі 500 кВ «Өлке–Қарабатан» электр желісі іске асып жатыр.

Алайда осы жобалардың бәрі электр энергиясына деген сұранысқа ілесе ала ма? Одан да маңыздысы, жобалар іске аса ма? Өйткені егер жаңа нысандар жоспарланған уақыттан кеш іске қосылса, күтілетін профицит те кейінге шегерілуі немесе болжанған деңгейден төмен болуы мүмкін.

Сондықтан Президент Жолдауда Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы генерация қуатын белгіленген мерзімде іске қосуға қатысты мәселелерді атап өтті. Бұл өңірлерде келешек генерация көлемі едәуір өседі. Мәселен, Қызылорда облысында қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған қуаты 240 МВт бу-газ электр станциясынан бөлек, қуаты шамамен 1,1 ГВт болатын тағы бір бу-газ станциясын салу жоспарланған.

Профицит болса, тапшылық неге туынлайды?

Мемлекет басшысы 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық балансты нақтылауды тапсырды. Сол себепті қазіргі болжам кейін өзгеруі мүмкін.

Қазіргі болжам бойынша электр энергиясын өндіру де, тұтыну да едәуір өседі. Тұтыну көлемі 2026 жылы 127,9 млрд кВт/сағ болса, 2032 жылы 163,6 млрд кВт/сағ-қа жетуі тиіс. Бұл – шамамен 28% өсім. Ал өндіріс көлемі 126,5 млрд кВт/сағ-тан 182 млрд кВт/сағ-қа дейін ұлғаяды деген есеп бар.

Сонымен қатар мамандар биыл электр энергиясының тапшылығы 1,4 млрд кВт/сағ-қа жетеді десе, келер жылы 1,3 млрд кВт/сағ профициті қалыптасады деп отыр.

Жолдауда 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу туралы айтылғанын білеміз. Болжамға сүйенсек, осы уақытқа дейін электр энергиясының жылдық артық көлемі 17,6 млрд кВт/сағ болмақ. Салыстыру үшін айтайық, 2027 жылы көрсеткіш 1,3 млрд, ал 2028 жылы 4,8 млрд кВт/сағ болады деп бағаланған еді. 2030 жылы профицит 23,1 млрд кВт/сағ-қа дейін жетуі ықтимал.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Бір қарағанда, мәселе шешілгендей көрінеді. Дегенмен мұнда электр энергиясының көлемі мен генерация қуатының арасындағы айырмашылықты ескеру қажет. Миллиардтаған кВт/сағ жыл бойы қанша электр энергиясы өндірілгенін ғана көрсетеді, гигаватт өлшемі электр станцияларының қанша қуат бере алатынын білдіреді. Осы орайда электр энергиясы жеткілікті болуы қыс мезгіліндегі сұранысқа және кәсіпорындар мен инфрақұрылым нысандары тұтыну көрсеткішіне тәуелді болады.

Сондықтан энергетикалық жүйеге резервтік қуат қажет. Апат болғанда, станцияға жөндеу жүргізілгенде немесе кенет жүктеме артқанда сол қордан энергия ала аламыз.

Қажетті резервтік қуатты қалай есептейміз? Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы жүйеге түсетін ең жоғары жүктеме 18,5 ГВт болса, 2032 жылы 25,3 ГВт-қа дейін өсуге тиіс. Яғни 2032 жылға дейін 29,9 ГВт электр энергиясы қажет. Ал сол кезеңдегі болжамды қуат небары 27,2 ГВт болмақ. Демек, резерв құрылғанның өзінде электр энергиясының тапшылығы жойылмайды. Қазіргі есеп бойынша электр тапшылығы 3,1 ГВт деңгейінде болады.

Тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткіземіз деген 2029 жылғы межені алайық. Ол жылы электр энергиясының жылдық артық көлемі 17,6 млрд кВт/сағ болады делінген еді, алайда мамандар қуат тапшылығы 638 МВт деңгейінде сақталады деп болжап отыр. Одан кейін тапшылық қайта ұлғайып, 2032 жылы 2,66 ГВт-қа жетуі мүмкін.

Бұл бәрі бекер деген сөз емес. Жаңа электр станциялары алдымен сұранысты толық қамтып, тапшылықты толық дерлік жояды. Алайда экономикалық өсім жыл сайын жоғарылайтынын ескерсек, жаңа кәсіпорындар салынған сайын сұраныс қайта артады деп түсінген жөн.

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Серік Түтебаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында дәл осы тақырыпқа назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі жетістік жылдық электр энергиясының көлемінде емес. Негізгі мәселе – тұтыну көлемі ұлғайған кезде электр қуаты жетісе ме, сонда жатыр. Сарапшының бағалауынша, жоспарланған жаңа станциялар іске қосылса, алдағы 3-5 жылдағы тапшылықты едәуір қысқартуға мүмкіндік мол.

Оңтүстіктегі олқылық

2026 жылы оңтүстік аймақтар 31,3 млрд кВт/сағ электр энергиясын тұтынады, ал өндіретін көлем – 18,5 млрд кВт/сағ. Сұраныстан 12,8 млрд кВт/сағ кем.

Осы орайда жаңа электр станциялары жағдайды сәл де болса оңалтатындай. 2030 жылға қарай оңтүстіктегі электр энергиясының өндірісі екі есеге жуық өсіп, 35,8 млрд кВт/сағ-қа жетуі тиіс. Ал тұтыну көлемі 39,2 млрд кВт/сағ шамасында болады. Нәтижесінде электр тапшылығы 3,5 млрд кВт/сағ-қа дейін қысқарады. Бұл – 2030 жылға дейінгі болжам.

Оңтүстік өңірде кәсіпкерлік нысан, өндіріс орындары көп, болашақта салынатын құрылыс қаншама. Сондықтан 2030 жылдан кейін электр энергиясының өндіріс көлемі қосымша артпаса, тұтыну өсе береді. Соның салдарынан тапшылық қайта ұлғайып, ескі сүрлеуге қайта түсеміз: 2031 жылы – 5,7 млрд кВт/сағ, ал 2032 жылы – 8 млрд кВт/сағ болады.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Екінші маңызды фактор – электр желілері. Оңтүстік өңірлер өндірген көлемнен көп электр энергиясын тұтынатынын айттық, жергілікті генерация сұранысты толық өтей алмайды. Қуаттың бір бөлігі солтүстіктен жеткізіледі. Энергетика саласының сарапшысы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушевтің пікірінше, сондықтан Солтүстік–Оңтүстік бағытындағы электр энергиясын тасымалдау мүмкіндігін арттыру қажет.

Оның айтуынша, электр қуатының жетіспеуі өндірісін кеңейтуді жоспарлап отырған кәсіпкерлерге қолбайлау болып отыр. Көбі жаңа нысандарды электр желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттарды ала алмай жүр.

– Бизнесті бүгінгі қолда бар қуатпен шектеп қоя алмаймыз. Қалалар, халық саны мен бизнес өте жылдам өсіп келеді, ал энергетикалық қуат бұл қарқынға ілесе алмай отыр. Сондықтан энергетика саласының дамуы сұранысты еңсеруі керек. Яғни бизнес өкілдері электр энергиясын қайдан алатынын және қанша қуат жұмсай алатынын білу үшін инфрақұрылымды алдын ала дайындауымыз маңызды. Сол себепті солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын қосымша электр желілерін тарту қажет, – деді Жақып Хайрушев.

Батыста тапшылық жоқ, электр энергиясының профициті болатыны сөзсіз. Мұнда тек энергетикалық жүйенің құрылымы мен жекелеген тораптардың ірі энергия көзіне тәуелділігі бар.

Мысалы, «KEGOC» АҚ Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында МАЭК жабдықтары туралы айтты. Яғни МАЭК жабдықтарында апат туындаса, Маңғыстау мен Атырау энергетикалық тораптары арасындағы байланыс желілері шамадан тыс жүктемеге тап болуы мүмкін.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Электр энергиясы бар, бірақ желіге қосылу мүмкін емес

Сарапшылардың айтуынша, жаңа тұтынушыларды электр желілеріне қосу қиындауы мүмкін. Электр энергиясын өндіру көлемі жеткілікті болғанның өзінде, қалалық және облыстық тарату желілері ауқымды энергияны көтере алмауы ықтимал екен. Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының басшысы Сергей Агафонов аталған шектеу энергетикалық жүйені дамытуға кедергі келтіреді деп санайды.

– Тарату желілеріндегі қуат тапшылығы немесе электр энергиясын өткізу мәселесі әлдеқайда күрделі. Қажет болған жағдайда генерация тапшылығының орнын көршілес елдерден жеткізілетін электр энергиясы есебінен толтыруға болады. Ал желілердегі қуат тапшылығын тек қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейту, жаңа нысандар салу және жаңартылатын энергия көздері арқылы ғана жоюға болады. Бірінші бағыт көп қаржы мен уақытты қажет етеді, ал екінші бағыт, өкінішке қарай, әзірге елімізде тиісті деңгейде дамымай отыр, – дейді маман.

Қарапайым тілмен айтқанда, өзімізде өндірілетін электр энергиясының жетіспеуін уақытша импорт немесе басқа өңірден жеткізілетін қуат есебінен өтеуге болады. Ал шамадан тыс жүктелген қалалық қосалқы станцияның өткізу мүмкіндігін импорт арқылы арттыру мүмкін емес.

Сергей Агафоновтың бағалауынша, мұндай кедергіге Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалалары ұшырауы мүмкін. Халық саны, құрылыс көлемі мен бизнес неғұрлым жылдам өссе, жергілікті электр желілерінің мүмкіндігі сұранысқа ілесе алмай қалу қаупі жоғары.

Қауымдастық басшысы электр энергиясының тарифін белгілеу жайын да айта кетті.

– Желілік тарифтерді екі құрамдас бөліктен тұратын модельге негіздеу керек. Біріншісі – қуат үшін, екіншісі – электр энергиясын тасымалдау қызметі үшін бөлек тарифтер белгілеу маңызды. Осындай тәсіл мәселені әлдеқайда тиімді шешеді. Сондықтан ең алдымен тариф белгілеу моделін жетілдіруден бастау керек, – деген ұстанымда Сергей Агафонов.

Сонымен қатар сарапшы қала маңында орналасқан шағын жаңартылатын энергия нысандарын дамытуды қолдады.

– Елімізде ЖЭК негізіндегі генерацияны дамытуға әзірге тиісті деңгейде мән беріліп отырған жоқ. Ал шын мәнінде, бұл бағыт электр энергиясының тапшылығын да, желілер мәселесін де шешуге көмектеседі. Оған қоса электр энергиясын тасымалдау кезіндегі шығынды азайтады, – дейді ол.

энергетика, ВИЭ
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Құрылысты кім жүргізеді?

Энергетика саласын қаузағанда кадр тапшылығын айтпай кету мүмкін емес. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, елде кәсіби энергетиктердің «саусақпен санарлықтай» ғана екенін жеткізген болатын. Жоспарланған құрылыс жұмыстарының ауқымын ескерсек, кадр мәселесі бүтін энергетикалық бағдарламаның келешегіне әсер етуі мүмкін. Өйткені жаңа электр энергиясын өндіретін нысандарға мыңдаған инженер, энергетик, монтажшы және арнайы құрылыс компаниялары қажет.

Осы орайда Жақып Хайрушев кадр тапшылығы салада жылдар бойы қордаланған мәселенің бірі деп бағалады. Оның пайымындауынша, жалақының төмендігі, жұмыс жағдайы жас мамандарды энергетика саласына келуге ынталантырмай отыр.

Сарапшы Серік Түтебаев та отандық арнайы энергетикалық құрылыс ұйымдары мен білікті мамандардың жетіспейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай қазірдің өзінде ірі жобалардың кеш аяқталуына себеп болған.

Қорыта айтсақ, Қазақстан үшін электр энергиясын көбірек өндіру жеткіліксіз. Генерация қуатты, магистральдық және тарату желілері, резервтік қуат көзі мен жаңа тұтынушыларды анықтау маңызды. Оның үстіне, қалалар мен бизнес қарқынына ілесу үшін аумақтық желілерге де көңіл бөлу керек.