Энергия өндіруші ұйымдар QAZAQGAZ AIMAQ-қа 37,7 млрд теңге қарыз — Энергетика министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Энергия өндіруші ұйымдар QAZAQGAZ AIMAQ-қа 37,7 млрд теңге қарыз. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
— Өткен күзгі-қысқы кезеңде энергия көздерінің отын қоймаларында 5,6 млн тоннаға дейін көмір және 152 мың тонна мазут жинақталды. Уәкілетті мемлекеттік органдармен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен және көмір өндіруші кәсіпорындармен үйлестірілген жұмыстың арқасында барлық энергия көздеріндегі отын қоры нормативке сәйкес келді, — деді ол.
Вице-министр дерегінше, коммуналдық-тұрмыстық сектор, әлеуметтік объектілер және халық үшін көмір дайындау жоспары 7,46 млн тонна көмір деңгейінде айқындалған. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін — 1,6 млн тонна, халық үшін — 5,8 млн тонна. Өткен жылыту кезеңінде 8,15 млн тонна көмір немесе кезең жоспарынан 109,8 пайыз дайындалды.
— Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе саналады. Энергия өндіруші ұйымдардың QAZAQGAZ AIMAQ акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 37,7 млрд теңгені құрайды, — деді Сұңғат Есімханов.
Айта кетейік, отырыста өткен жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы маусымға дайындық барысы пысықталып жатыр.