Энергия өндіруші ұйымдардың қарызы тарифтерге әсер ете ме
АСТАНА. KAZINFORM — Энергия өндіруші компаниялардың негізгі берешегі газ станцияларына қатысты. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында энергия өндіруші ұйымдардың қомақты қарызы алдағы уақытта тарифтердің өсуіне қаншалықты әсер ететіні сұралды.
- Расында, осындай берешек бар. Олар негізінен газ станцияларына тиесілі. Былтыр екінші жартыжылдықта газ бағасының көтерілуіне байланысты бұл берешек пайда болды, яғни болашақта тарифтер есебінен жабылуы мүмкін. Дегенмен, отын шығындарының негізгі бөлігі ретінде саналмайды, бұл негізінен жөндеу және еңбекақыға қатысты. Қазір өтінімдерді қарап жатырмыз және ол өсім айтарлықтай әсер етпейді деп ойлаймын. Атап айтқанда, соңғы тарифке орташа есеппен 4-5% пайыз деңгейінде әсер етуі ықтимал, - С. Есімханов.
Оның айтуынша, тарифтер бірден өспейді. Бұл ретте өтінімдер берілгеннен кейін, қоғамдық тыңдаулар өтуі тиіс. Сондықтан осы процеске бірнеше ай уақыт керек.
Бұған дейін хабарланғандай, энергия өндіруші ұйымдар QAZAQGAZ AIMAQ-қа 37,7 млрд теңге қарыз.