Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін берешегі қанша

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы елімізде 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Экибастуз ГРЭС-1
Фото: gres1.kz/

«Өткен екі айда министрлік өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп проблемалық мәселелер бойынша мынадай тиісті шаралар қабылдады. «Таразэнергоцентр» акционерлік қоғамының төртінші жылу электр орталығында № 1 турбинаны, «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының екінші жылу электр орталығында № 2 қазандықты, «ГРЭС Топар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің № 12 (қазандығын және «ЕЭК» акционерлік қоғамында электр станциясындағы № 3 энергоблокты жөндеу басталды. Электр станцияларының газ үшін берешегі 25-тен 18-ге дейін, ал көмір үшін 6-дан 3,4 млрд теңгеге дейін қысқарды», - деді А. Сәтқалиев.

Оның айтуынша, энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут жинақталған.

«Жүйелік оператор бекіткен электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 2024 жылы 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Әртүрлі кезеңде 1 энергоблокты, 28 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды», - деді министар.

Оның сөзіне қарағанда, 15 тамыздан бастап күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындық паспортын алуға құжаттарды қабылдау басталды. Министрлік қыркүйек айынан бастап 256 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізуге қатысты тиісті кестені бекітті.

«Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблема саналады. Энергия өндіруші ұйымдардың «QazaqGaz - Aimaq» акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 18 млрд 307 млн теңгені құрады. Сондай-ақ «Богатырь-Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдында 3 млрд 462 теңге сомасында берешек бар. Энергетикалық кәсіпорындар берешекті өтеуді жеделдетуі тиіс», - деді ведомство басшысы.