«Энергия үнемдеу - 2020» бағдарламасы ысырапшылыққа тосқауыл қоймақ

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда тек Қазақстан ғана емес, жер шарындағы барлық мемлекеттер кез келген ресурстарды үнемдеу ісіне ден қойып отырғандығы шындық.

«Энергия үнемдеу - 2020» бағдарламасы ысырапшылыққа тосқауыл қоймақ

Ал Тәуелсіздік алғаннан бері экономиканың семіп қалған тамырына қан жүгіртуге кіріскен елімізде электр энергиясы да, жылу да мейлінше ысырап болып келе жатыр. Әрине, ысырапшылдықтың жолын кесу бағытында Үкіметтің қолға алып жатқан шаралары да баршылық. Дегенмен, қоғамды үнемшілікке үйретпей, қолға алған істің алға жылжи қою неғайбыл екендігі де, үйрету шаралары арнайы орталықтардағы білікті мамандардың арқасында жүргізілуі тиістігі де белгілі. Ал ондай орталықтар елімізде жоқ та. Сондықтан да ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында-ақ Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында Энергия тиімділік орталықтары құрылуы керек болатын. Алайда, инновациялық энергия үнемдеу технологияларын насихаттау және енгізу, энергия тиімділігін коммерциялау, энергия үнемдеу саласындағы заманауи технологиялар трансферті, инновациялық энергия тиімділігі технологиялары, құрал-жабдықтары және материалдары көрмесін тұрақты түрде өткізу сынды бағытта жұмыс істейтін мұндай орталықтардың игілігін тек келесі жылдың ішінде ғана көруіміз мүмкін. Өйткені, бүгін Үкіметтің «Энергия үнемдеу - 2020» бағдарламасына қатысты өткен селекторлық режімдегі отырысында белгілі болғанындай, орталықтардың құрылысы биыл аяқталғанымен, оларды жабдықтау ісі келер жылы жалғаспақ. Мұны ҚР Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім еткен-ді.

Үкімет басшысы Серік Ахметовтің аталған орталықтар құрылысы қашан аяқталады деген сауалына жауап берген ол: «Серік Нығметұлы, осы жылы аяқталады», - деп жауап берген. Бірақ, министрлік шенеунігінің қысқа жауабына қанағаттанбаған Премьер одан орталықтардың биыл тек құрылысы ғана аяқталатындығын, ал келер жылы жабдықтау жұмыстары жүргізілетіндігін, жалпы жұмыстар белгіленген кесте бойынша атқарылып жатқандығын нақтылап алды.

«Қандай кесте? Біздер осы жылдың бірінші жартжылдығында-ақ пайдалануға беруіміз керек болатын. Кесте бойынша дейсіз, қандай кестені айтып отырсыңыз, өзі? Бақылауға алыңыз? Біз энергия үнемдеудің құрал-жабдықтары мен әдіс-тәсілдерін қоса алғандағы барлық заманауи жайттарды үйрететін, түсіндіретін, көрсететін орталықтар туралы айтып отырмыз», - деді С.Ахметов бірінші вице-министрге қарата.

Осы жиын барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимр Божко магистральды және орамішілік желілерде жылу шығыны өте көп болатындығын, өйткені олар жылу сыртқа шықпайтындай етіліп қымталмағандығын атап өтіп, оны шешу жолдарын да ұсынды. «Құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгертулер енгізу ұсынысын қарастыруға да болар еді. Нақты айтқанда, магистральды және орамішілік желілерде диаметрі үлкен құбырлар төсегенімен, оларды қымтау қажет. Бұл іс жүзінде энергия шығынын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ол. Осы орайда Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрі ұсынған бастаманы Өңірлік даму министрлігі қатаң бақылауға алу керектігін баса айтты.

Жалпы алқалы жиын барысында баяндама жасаған Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаевтың сөзіне қарағанда, елімізде тұрғын үй секторы энергетика және өндірістік сектордан кейін жылу мен электр энергиясын көп пайдаланатын үшінші ірі тұтынушы болып отыр. Мәселен, тұрғын үй секторына жататын ғимараттар 13,5 пайыз электр және 24 пайыз жылу энергиясын тұтынады екен. Сондықтан да 2010-2012 жылдары аралығында бюджет қазынасынан 980 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, 690 тұрғын үйге, 145 әлеуметтік нысанға, 1 қазандыққа энергия аудиті жүргізілген. Бұдан бөлек, аталған қаражаттың бір бөлігі республикадағы қала халқының 20 пайызына энергия үнемдеу саясатын насихаттауға жұмсалған. Биыл да жоғарыда аталған мақсаттарға мемлекет қазынасынан біршама қаржы бөлініп отыр. «Ағымдағы жылы көрсетілген мақсаттарға 360 млн. теңге, оның ішінде 210 млн. теңге 270 тұрғын үйге энергия аудитін жүргізу үшін, сондай-ақ 150 млн. теңге энергия үнемдеу саясатын насихаттау үшін көзделген», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің пайымынша, көп пәтерлі тұрғын үйлерге энергия аудитін жүргізу нәтижелері тұрғындар үшін маңызды аргумент болып табылды. Ол жылудың айтарлықтай ысырабын және энергия үнемдеудің жоғары әлеуетінің болуын анықтайды. Мәселен, тұрғын үйлерге терможаңғырту жүргізгенге дейін және жүргізгеннен кейін жылу тұтыну үшін төлем мөлшері арасындағы айырмашылық 24-тен 40, тіпті одан да жоғары пайыз құрағанын талдау көрсеткен. Сондықтан да Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында терможаңғырту элементтерімен тұрғын үйлерді жөндеу жүргізілуде. Нәтижесінде жылу энергиясын 30 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізілуі тиіс. Бүгінгі күні өңірлерді дамыту жөніндегі бірыңғай бағдарламаны әзірлеу ауқымында министрлік тұрғын үйлерге толық терможаңғырту жүргізуге халықты ынталандыру тетіктерін пысықтап жатыр. Энергия тиімділігінің қол жеткізілген дәрежесіне байланысты субсидиялар бөлу көзделіп отыр», - деді Қ.Өскенбаев.

Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, бүгінгі таңда ел халқын өнімділігі 100 Гкал/сағ дейінгі 5646 қазандық жылумен қамтамасыз етуде. Бірақ ол қазандықтардың басым бөлігі 1970-80 жылдары пайдалануға берілгендіктен, бүгінде әбден тозығы жеткен. Ал бұл қордаланған мәселелерді шешу үшін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасының аясында министрлік бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру үстінде. Атап айтқанда, 2014-2016 жылдар кезеңіне жылу өнімділігі 1-ден 100 Гкал/сағ дейінгі 892 қазандықты кешенді тексеру жоспарланып отыр. «Барлық қазандықтарды кешенді тексеру олардың нақты техникалық жай-күйін және функционалдық мүмкіндіктерін, жабдықтардың қолданыстағы жобалау және атқарушылық құжаттамасына, қолданыстағы нормалар мен ережелерге сәйкес келуін анықтау, сондай-ақ кейін пайдалануға, жаңғыртуға немесе жөндеуге жылу энергиясын өндіру кезінде отын-энергетикалық ресурстарын пайдалану тиімділігін бағалау үшін жүргізіледі», - деді бірінші вице-министр.