«Энергия үнемдеу туралы» заң күшіне енетін болса, жылу энергиясына қатысты көптеген мәселелер шешіледі - ТМРА

АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Энергия үнемдеу туралы» заң күшіне енетін болса, жылу энергиясына қатысты көптеген мәселелер шешіледі. Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен онлайн конференция барысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов айтты.

 «Энергия  үнемдеу туралы» заң күшіне енетін болса, жылу энергиясына  қатысты көптеген мәселелер шешіледі - ТМРА

Оның айтуынша, жылу энергиясын үнемдеу ең өзекті деген мәселелердің бірі. Сондықтан энергия үнемдегісі келетін азаматтарға арнайы есептегіш құралдарды пайдаланған өте тиімді.

«Бұл ретте мәселенің екінші жағы бар. Аталмыш құралдар өте қымбат тұрады. Олардың бағасы 160 мыңнан 400 мың теңгеге дейін құбылады. Әрине, бұдан өзге де соңғы үлгідегі автоматтандырылған есептегіш құралдар бар. Олар әрине өте қымбат. Сондықтан бұл мәселе бірнеше жылдан бері өзекті болып келді. Біз қазір оның жауабын тапқан сияқтымыз. Қазір жылу есептегіш құралдарды «қалтасы қалың» азаматтар еш қиындықсыз сатып алады. Ал қалтасы көтермейтін ағайындар үшін оның ақысын белгілі бір мерзімде бөліп-бөліп төлеп алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әдіс іске аспаған жағдайда «Энергия үнемдеу туралы» заң жобасы дайындалуда. Оның талаптарына сәйкес, жылу есептегіш құралдар заң негізінде қойылатын болады. Ол үшін мемлекетік немесе жеке меншіктегі компания құрылып, ол қажетті құрылғыны өздері сатып алып, тұрғындарға орнатып береді. Сөйтіп, біз осы құрылғылар арқылы энергия үнемдеуді жоспарлап отырмыз», -деді Агенттік төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл өте тиімді шара. Егер ол іске асса, тұрғындар жылуға деген қаржыны бұрынғы ереже бойынша төлей береді. «Қорыта айтқанда, «Энергия үнемдеу туралы» заңы күшіне енсе, көптеген мәселелер шешіледі. Қазіргі таңда аталмыш құжат дайындалып аяқталуға таяу», -деді Н.Алдабергенов.