Энергия үнемдеу ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады - Альберт Рау

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Энергия үнемдеу ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Энергия үнемдеу ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады -  Альберт Рау

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осылай мәлімдеді.

«Қазақстан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде энергия тиімділігін арттыру жүйесіне баса назар аударатын болады. Осыған орай, заң жобасы бүгінгі күні ел дамуындағы негізгі әрі өзекті мәселелердің бірі болып табылады», - деді А. Рау. Оның айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде энергия тиімділік индикаторлары аталып өтіледі. Оның ішінде ішкі жалпы өнімнің энергия қамтымдылығын төмендету 2015 жылға қарай 10 пайызға, ал 2020 жылға қарай 25 пайызға жетуі тиіс. «Әрине, біздің резервтеріміз зор. Дегенмен, Еуропа елдерінде және бізде шығарылатын жекелеген өнім түрлері бойынша сарап жасағанда Қазақстандағы электр энергиясының өнім шығарудағы шығындары 4 есеге артық болып отырғанын байқадық», - дейді вице-министр.

Заң жобасына сәйкес, энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемелкеттік органдар функцияларының аражігін ажырату арқылы қолданыстағы заңнама жетілдіріледі. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнаманы бұзғандығы үшін жауаптылық көзделеді.