Энергия үнемдеу: Жергілікті атқарушы органдарға жаңа құзырет берілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергия үнемдеу бағытында жергілікті атқарушы органдарға жол карталарын қабылдау және іске асыру бойынша құзырет беру ұсынылды.

Энергия үнемдеу: Жергілікті атқарушы органдарға жаңа құзырет берілмек

Бұл туралы Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстыру кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жергілікті деңгейде энергия үнемдеу жөніндегі шараларға бағытталған бағдарламалар жоқ. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға жол карталарын қабылдау және іске асыру бойынша құзырет беру ұсынылады», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту мақсатында (әкімшілік ғимараттардың энергия үнемдеу әлеуеті 40% - ға дейін жетеді), келесі құралдар ұсынылады:

- Мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге энергия тұтынатын жабдықтар нарығын қайта құруға серпін беретін Энергия тиімді мемлекеттік сатып алуларды енгізу.

- Энергия тұтыну нормативтерін қабылдау, олардың сақталуына мониторинг жүргізу, бенчмаркинг және энергия тиімділік бойынша тиісті ұсынымдарды беру.

«Сонымен қатар энергия үнемдеу саласы үшін жаңа мемлекеттік бақылау тетігін, яғни субъектілерге бармай профилактикалық бақылауды енгізу, оны жүргізу тәртібін айқындау көзделеді», - деді А. Ержанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. https://kaz.inform.kz/news/kasiporyndarda-energiya-unemdeu-boyynsha-zhauapty-adamdar-bolady-zan-zhobasy_a3765074

Құжат аясында ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты адамдарды енгізу ұсынылады, олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ.