Энергия үнемдеуге қатысты нысаналы бағдарлама қабылдаған маңызды - Т.Құлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға қатысты нысаналы бағдарлама қабылдаған маңызды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев палатаға қарасты Энергетика және жаңа технологиялар комитетінің отырысында осындай пікір білдірді.

Энергия үнемдеуге қатысты нысаналы бағдарлама қабылдаған маңызды - Т.Құлыбаев

Кездесу барысында Төраға дағдарысқа қарсы күрес мәселесін қозғай келе, энергия тиімділігі есебінен кәсіпорындардың қаражаты мен қуатын үнемдеу мәселесіне тоқталды.

«Әлбетте, арзан энергия көздері тұрғанда энергия үнемдеуге ынталандыру тұрмақ, ол жайында әңгіме айту да мүмкін емес. Алайда, дағдарысқа қарсы шаралар аясындағы басты пункттердің бірі энергетика қуатын 30 пайызға дейін үнемдеу туралы болып отыр. Бұл ретте көршілес елдегі Қазан қаласының энергияүнемділік жүйесін мысалға алуға да болар еді, онда жүйе енгізілген алғашқы үш жылда электр энергиясының шығындары үш есеге жуық қысқарды. Ал біздің олардан қай жеріміз кем? Сондықтан да, энергия үнемдеуге қатысты нысаналы бағдарлама қабылдап, ресурсты үнемдейтін, энергия тиімділігі жоғары технологиялар мен қондырғыларды енгізу керек. Бұл үшін «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңды қайта қарап, іс жүзінде нәтижелі жұмыс жасайтындай жағдай жасау керек», - деді Тимур Құлыбаев.

Бұдан бөлек, Төраға жел, күн секілді энергияның балама көздерін дамыту мәселесін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, Т. Құлыбаев елдің солтүстігі мен оңтүстігінде инновациялық хаб құру туралы идеяға қолдау білдірді.