Энергия жетіспеушілігінен шығудың бірі жолы - оны үнемдеу

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Энергияның жетіспеушілігі еліміздегі, әсіресе оңтүстік өңірлердегі экономикалық өсімді тежегіш факторлардың бірі болып отыр. Қалыптасқан жағдайдан шығудың бірі жолы - энергияны үнемдеу болып табылады.

Энергия жетіспеушілігінен шығудың бірі жолы  - оны үнемдеу

Бұл туралы бүгін Астанадағы семинарда ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі Тұрғын үй саясаты және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы департаментінің коммуналдық шаруашылықты дамыту басқармасының бастығы Индира Шерманова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, энергияның тапшылығы орта мерзімді перспективаның өзінде экономикалық өсімді тежейтін факторлардың бірі болуы ықтимал. Сондықтан да қолданыстағы қуат бөлетін стансыларды реконструкциялау және жаңаларын салу сынды міндеттерге назарды шоғырландыру қажет. Бұл ретте өңірлердегі электр энергиясының тапшылығын жабуға, электр энергиясының халықаралық транзитіне және экспортына, энергияны үнемдеуді және экологиялық қауіпсіздікті ынталандыруға, Еуразиялық электр энергетикалық рынокпен ықпалдасу үшін жағдай жасауға бағдарланған жөн. «Экономиканы және ел халқын энергияның барлық түрлерімен ұзақ мерзім бойы тұрақты қамтамасыз ету үшін еліміздің энергетикалық секторының тиімді жұмыс істеуін арттыру қажет. Бұны отын-энергетикалық салалардағы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтерсіз жүзеге асыру мүмкін емес», деді ол.