«Eni» компаниясының басшысы мұнай бағасы 200 долларға дейін өсуі мүмкін екенін ескертті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше жылдан кейін мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін шарықтап кетуі мүмкін, деп мәлімдеді Давос форумында италияндық «Eni» мұнай-газ компаниясының басшысы Клаудио Дескальци. Бұл туралы РБК хабарлады.
-Нарықтағы қазіргідей жағдайда ОПЕК тыс қала берсе, әлем мұнай бағасының барреліне 200 долларға дейін шарықтағанын көретін болады, - деді Eni-дің бас директоры Клаудио Дескальци.
Оның айтуынша, қазіргі бағаның құлдырауы мұнай жобаларына салынатын инвестицияны айтарлықтай шектеп қана қоймай, келешекте нарықта ұсыныс азайып, тапшылық болуы мүмкін.
«Көптеген жобаларымыз - ұзақ мерзімге арналған. Олар бес немесе алты жылдан кейін өндіруге бағытталған. Бұл - ойланатын жәйт. Егер қазір капитал салымы күрт қысқаратын болса, төрт-бес жылдан кейін өндірістің жетіспеушілігіне тап болып, мұнай құны барреліне 200 долларға дейін шарықтап кетуі ықтимал», - деп ескертті ол.
БАҚ-қа берген сұхбатында Дескальци баға 2015 жылдың аяғына дейін өсе бастауы мүмкін екенін айтты.