ЕНУ-да заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы тұру тетіктері талқыланды

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы тұру механизмдері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

ЕНУ-да заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы тұру тетіктері талқыланды

Алқалы жиынға төрағалық еткен аталған университет жанындағы «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Зиябек Қабылдиновтың атап өтуінше, шараның басты мақсаты заңсыз көші-қонды айқындап, елімізге қандай қауіп-қатер төнетіндігін, оның алдын қалай алуға болатындығын әрі  заңмен қалай реттеу мүмкін екендігін жақ-жақты талқылау.  

Жалпы қазіргі уақытта Қазақстан көші-қон үдерісі белсенді жүретін өңірлердің біріне айналып отыр. Әсіресе, бұл үдеріс ТМД мемлекеттерімен, оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Моңғолиямен жиі орын алуда. Сондықтан да заңсыз көші-қон мәселесін реттеу бүгінгі таңда да өз өзектілігін жойған жоқ. Өйткені, мигранттар құқығының бұзылуы әрі олардың құлдыққа салынуы сынды деректер жиі кездеседі.  Мәселен, З.Қабылдиновтың сөзіне қарағанда, соңғы 8 жылдың ішінде Қазақстанда құлдыққа салудың 858 фактісі тіркелген.

«Өкінішке орай Қазақстанда адамдарды құлдыққа салу, адам саудасы біртіндеп өсіп келе жатқандығы байқалады. Нақты айтқанда, біздің құқы қорғау органдарымыз 2009 жылы - 271, 2010 жылы 279 адамды құлдыққа салу фактісін тіркесе, өткен жылы бұл көрсетіш 287 дерекке жеткен», - деді ол.