ЕО-да бір жылда 3,9 млн адамға тұруға рұқсат беріліп, рекорд жаңарды

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ елдері өткен жылы шетел азаматтарына 3,9 млн алғашқы тұруға рұқсат құжатын беріп, осы көрсеткіш бойынша 2008 жылдан бергі рекордын жаңартты, деп хабарлайды Euronews.

ЕО-да бір жылда 3,9 млн адамға тұруға рұқсат беріліп, рекорд жаңарды
Фото: Анадолы

Бұл – Еуростат тиісті статистиканы жүргізе бастаған 2008 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. 2024 жылмен салыстырғанда берілген рұқсат саны 10,1%-ға, яғни шамамен 355 мыңға артқан.

Жаңа рұқсат берудің негізгі себебі жұмысқа орналасу болды. Оның үлесі барлық құжаттың 33,6%-ын құрады. Тұруға берілген рұқсаттардың тағы 28,1%-ы отбасылық жағдайларға байланысты болса, 15,5%-ы білім алуға берілген.

Жұмыс істеуге берілген рұқсат саны бір жылда 16,1%-ға, отбасын біріктіруге байланысты рұқсаттар 14,1%-ға, ал білім алуға берілгендері 9%-ға өскен. Басқа негіздер бойынша, соның ішінде халықаралық қорғауға байланысты рұқсат саны 0,9%-ға азайған.

2025 жылы алғашқы тұруға рұқсатты ең көп берген ел – Испания. Бұл ел 635 438 құжат рәсімдеген. Екінші орында 605 292 рұқсатпен Германия тұр. Одан кейін Польша – 467 314, Италия – 433 099 және Франция – 377 462 рұқсат берген. Осы бес елге ЕО-дағы барлық жаңа рұқсаттың үштен екісіне жуығы тиесілі.

Испания отбасылық жағдайларға байланысты берілген рұқсат саны бойынша да көш бастады. Елде бұл негізде 275 869 рұқсат берілген. Бұл Испанияда рәсімделген барлық жаңа тұруға рұқсаттың 43,4%-ын құрайды.

Халық санына шаққанда ең көп рұқсатты Мальта берген – әр мың тұрғынға 57 құжаттан келеді. Одан кейін Кипр – 47 және Португалия – 27 рұқсатпен тұр. ЕО бойынша орташа көрсеткіш әр мың тұрғынға тоғыз рұқсатты құрады.

Жаңа тұруға рұқсат санының бір жылдағы ең жоғары өсімі Португалияда тіркелді – 154,9%. Ал Хорватияда бұл көрсеткіш 43,3%-ға, Грекияда 20,6%-ға, Аустрияда 15,5%-ға төмендеген.

Азаматтығы бойынша ЕО-да алғашқы тұруға рұқсатты ең көп алғандар – украиндар. Оларға 335 096 құжат немесе жалпы көрсеткіштің 8,7%-ы тиесілі. Бұл құжаттардың шамамен 72%-ы Польшада берілген. Одан кейін Үндістан азаматтары – 227 577 және Марокко азаматтары – 202 054 рұқсатпен тұр.

2025 жылдың соңында ЕО елдерінде одаққа кірмейтін мемлекеттердің азаматтарына берілген қолданыстағы тұруға рұқсаттың жалпы саны 27,8 млн болды. Қолданыстағы рұқсаттардың негізгі себебі отбасын біріктіру болған.

Қолданыстағы тұруға рұқсаты ең көп азаматтар Мароккодан – 2,2 млн, Түркиядан – шамамен 2 млн және Украинадан – 1,7 млн адам.

Айта кетейік, Испания 8 тамыздан бастап Италиядан келетін жолаушыларды тексеруді күшейтеді

Ал Сеутадағы жағдай Еуропаның көші-қон саясатын қалай өзгертетінін мына жерден оқыңыз.