ЕО делегаттары Қазақстанмен сауда-саттықтың өзекті мәселелерін талқылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еуроодақ өкілдері арнайы жоба аясында Қазақстанмен сауда-саттық байланысындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2015 жылы 21 желтоқсанда Қазақстан мен Еуроодақ арасында өзара әріптестікті дамыту туралы келісімге қол қойылған болатын.
2016 жылдың 1-мамырынан бастап келісім уақытша қолданысқа енген еді.
Қазақстан мен ЕО елдері келісімді ратификациялады. Қыркүйекте бұл құжатты Еуропарламент ратификациялайды.
«ЕО елдерімен сауда үлесі Қазақстанның сыртқы саудасының 39%-ын алып отыр. ЕО - 0.58 %, яғни ең төменгі экспорт тарифтері орнатылған жалғыз серіктес. ДСҰ-ға кіргелі бері Қазақстан инвестициялық саясатын қайта жоспарлады. Оны Астанада өткен инвестфорумда жария етті. Қазақстан өзінің экономикасын мұнай-газ саласына тәуелділіктен арылтып, әртараптандыруға тырысып жатыр. Бірақ сонда да кейбір салалар талқылауды қажет етеді»,- деді ЕО Қазақстандағы өкілдігінің елшісі Трайан Христеа.
Екіжақты кездесу барысында қос елдің мамандары өзара келісімнің тиімділігін арттыру мақсатында заңдық-құқықтық келіспеушіліктерді анықтап жатыр.
«Қазақстан ЕО және ДСҰ мүшесі болып табылады. Бірақ елде ұлттық заңнама бекітілген. Қолданыстағы техрегламентте тарифтік емес кедергілер туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкін емес. Қайбір өнімге қандай регламент бар екендігін анықтауға көп уақыт өтеді. Қазақстан үкіметі ақпараттың ашықтығына мүдделі екендігін көріп отырмыз.
Осы мәселені нақтылау үшін қандай қадамдарға бару керек екендігін анықтау үшін кездестік», - деді ЕО Қазақстандағы өкілдігінің сауда мәселесі бойынша бөлім басшысының бірінші кеңесшісі Федерико Бирокки.
Мамандардың айтуынша, көбіне дәрі-дәрмек, ойыншық, азық-түлік саласында ЕО мен Қазақстан нормативтері сәйкеспейді.
Айа кету керек, өткен жылы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда көлемі 24 млрд АҚШ долларын құрады. 2017 жылдың алғашқы 4 айында 9 млрд доллар көлемінде сауда жасалды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23 пайызға артық.