ЕО елдерінің экономикалық және қаржы саясатының тығыз үйлесуі дағдарыспен нәтижелі күресуге жол береді - еуропалықтардың 75 пайызының пікірі
БРЮССЕЛЬ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуропалықтардың 75 пайызы Еуропалық Одақ елдерінің экономикалық және қаржы саясатының тығыз үйлесуі дағдарыспен нәтижелі күресуге жол береді деген пікірді ұстанады.
Мұндай пікірлер Еуропалық комиссияның «Еуробарометр» орталығының бейсенбі, тамыздың 26-сы күні жарыққа шыққан әлеуметтік зерттеуінде көрініс тапты, деп хабарлайды Еуропалық комиссияның баспасөз қызметі.
Олардың көпшілігі (72 пайызы) Еуропалық одақ тарапынан маңызды халықаралық қаржы топтарының қызметіне қойылатын талапты қатаң бақылауға алу керек деген пікірді қолдайды. Сонымен қатар еуропалықтардың 40 пайызы дағдарыс кезіндегі басты мәселе экономикалық жағдай деп санайды, 48 пайызы жұмыссыздық десе, 20 пайызы бағаның өсуі мен инфляция деп біледі.
Еуропалықтардың көп бөлігі қазіргі таңда Еуропалық одақтың алдында тұрған міндеттер қандай екенін біледі. Сауалнамаға қатысқандардың 74 пайызы олардың елдеріне реформа қажет дегенмен келіседі, ал халықтың 71 пайызы бұл реформалар болашақ ұрпақтың мүдделеріне сай жүргізілуі керек деп санайды. Еуропалықтар экономиканы қандай жолмен қалпына келтірсе жақсы болады дегенге нақты жауап бере алмайды, алайда, жауап бергендердің 74 пайызы бюджет тапшылығы мен кәсіпорындардың қарыз мөлшерін төмендету бойынша қолданылатын шаралар кезек күтпейтіндігіне сенеді.
«Еуробарометрдің» зерттеуіне 27 Еуропалық одақ елдерінің 26 мыңға тарта тұрғыны қатысқан.