ЕО Грузия дипломаттары мен шенеуніктері үшін визасыз режимді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Визасыз режим белгісіз мерзімге жойылды, бұл грузиндік өкілетті тұлғаларды Еуроодақ аумағына кіру үшін виза сұрауды міндеттейді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Шешім ЕО елдерінің аумағында немесе халықаралық ұйымдарда ресми кездесулер мен басқа да іс-шараларға қатысатын Грузия делегацияларының мүшелеріне қатысты. Бұған қоса, бұл Грузияның ұлттық және аймақтық үкіметтері мен парламенттерінің, Грузияның Конституциялық және Жоғарғы соттарының мүшелеріне және дипломатиялық төлқұжат иелеріне қатысты.
- Бастама қарапайым грузин төлқұжаттарының иелеріне әсер етпейді. Олар үшін қысқа мерзімді сапарлар үшін ЕО-ға визасыз кіру құқығы сақталады, делінген мәлімдемеде.
Ақпаратқа қатысты тілшілерге түсінік берген Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе бұл шешімнің маңызды мәні жоқ екенін мәлімдеді.
- Мен Еуропалық Одақтың бұл шешімінен ерекше ештеңе көріп тұрған жоқпын. Бұл жай ғана техникалық мәселе. Біз үшін ең бастысы, елімізде тұрақтылық пен тыныштыққа қауіп төнбеуі. Біз Еуроодақ елдеріне визамен де, визасыз да бара аламыз, оның айтарлықтай айырмашылығы жоқ, - деді Грузия премьері.
Бұл шешім Грузияның 2024 жылы «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңын («Шетелдік агенттер» туралы заң) және «отбасы құндылықтары және кәмелетке толмағандарды қорғау» («ЛГБТ насихатына» қарсы заң) туралы заңнамалық пакетті қабылдауына жауабы болды.
ЕО санауынша, бұл заңнамалық актілер грузин халқының негізгі құқықтарына, соның ішінде бірігу және сөз бостандығын, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын, мемлекеттік істерге қатысу құқығын және кемсітушілікті күшейтеді.
ЕО мен Грузия арасындағы визаларды жеңілдету туралы келісім 2011 жылдың 1 наурызында күшіне енді. Ол Грузия азаматтарына ЕО-да кез келген 180 күндік мерзімде 90 күннен аспайтын болу үшін виза беруді жеңілдетуді көздеді. Ал 2017 жылдың наурыз айында Кеңес пен Еуропарламент Грузия азаматтарын ЕО-ға барған кезде виза алу талабынан толығымен босататын қарар қабылдады.
Еске сала кетсек, желтоқсанда АҚШ Мемлекеттік департаменті Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатқанын мәлімдеді.