ЕО Кеңесінің президенті Германия конституциялық сотының Грекияға көмек көрсетуін заңды деп таныған шешімін құптады

ЮССЕЛЬ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов - Еуроодақ Кеңесінің (ЕО-ның жоғарғы органы - авт.) президенті Херман Ван Ромпей Германия федералдық конституциялық сотының Грекияға көмек көрсетуді заңды деп таныған шешімін құптады, деп хабарлады ЕО Кеңесінің баспасөз қызметі.

ЕО Кеңесінің президенті Германия конституциялық сотының  Грекияға көмек көрсетуін заңды деп таныған шешімін құптады

«Мен еуро аймағында қаржыландыру қиыншылығына ұшыраған елдерге қолдау көрсету схемасының дұрыстығын қуаттаған сот шешімін құптаймын. Бұл шешім мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының осы жылғы 21 шілдедегі саммитте қол жеткізген уағдаластықтарын жүзеге асыруға жаңа серпін береді, сондай-ақ, тұтастай алғанда еуроаймақтың тұрақтылығын нығайтуға жәрдемдеседі» - деді Х.Ромпей.

Естеріңізге сала кетейік, мұның алдында Германияның конституциялық соты Берлиннің Грекияға және басқа да еуро аймағындағы проблемалы елдерге көмегінің заңдылығын қуаттады. Неміс үкіметіне қарсы беделді профессор-экономистер тобы талап-шағым берген болатын. Олар Грекияға көптеген миллиард транш беру негізгі заңды бұзу деген уәж айтты. Бұдан басқа, шағымданушылар Еуропалық одақтың қызметі туралы шарттың 125-бабына сілтеме жасады, олардың пікірінше, онда мұндай көмекке тыйым салынған. Алайда сот заңбұзушылықты тапқан жоқ. Дегенмен, болашақта еурокөршілерге ақша бөлу бундестагтың келісімімен ғана мүмкін болады.