15:03, 25 Наурыз 2013 | GMT +5
ЕО Кипрге 10 млрд. еуро бөлетін болды
АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - Брюссельдегі келіссөздерде Еуроодақ елдерінің қаржы министрлері банкроттық жағдайға жақындаған Кипрге 10 млрд. еуро көлеміндегі несиге келісті.

ВВС орыс қызметінің хабарлауынша, Кипрдің қаржы министрі Михалис Саррис бұл қадам қалыптасқан тығырықтан шығудың ең тиімді жолы екенін, яғни оның елі еуроаймақтан шығып қалудан құтқарылғанын мәлімдеді.
Брюссельдегі отырыста Кипрде ауқымдылығы бойынша екінші орындағы Laiki банкін қайта құрылымдау туралы шешім шығарылды. 100 мың еуродан астам сомадағы есеп-шоттарға тыйым салынып, ал олардың иелері 40 пайызға дейінгі жеке салымдарынан айырылуы мүмкін.
Халықаралық валюта қорының талабы бойынша бұл келісім парламент арқылы өтпейтін болады. Ал аталған елді құтқарудың бұдан бұрынғы жоспарын, яғни барлық шоттардан арнайы жинақтау жасауды енгізуді Кипрдің парламентшілері қабылдамаған еді.