ЕО Қырғызстандағы «шетелдік агенттер» туралы заңға алаңдаулы

АСТАНА. KAZINFORM – Сейсенбі күні Еуропалық сыртқы әрекет қызметі Қырғызстанға арналған жеке мәлімдеме жасады.

Қырғызстан
Фото: КАБАР

«Қырғыз Республикасында «шетелдік өкілдер» туралы заң ретінде белгілі «коммерциялық емес ұйымдар» туралы заңның қабылдануы алаңдаушылық тудырады», - деп атап өтті. 

«Азаматтық қоғам ұйымдарының қызмет еркіндігін шектейтін заңнама қырғыз қоғамына және оның Еуропалық Одақ сияқты халықаралық серіктестермен ынтымақтастығына кері әсер етуі мүмкін. ЕО Қырғыз Республикасымен негізгі бостандықтарды, заң үстемдігін және демократиялық стандарттарды құрметтеуге негізделген екіжақты ынтымақтастыққа бейілді. Бұл құндылықтар біздің жалпы преференциялар схемасының (GSP+) және болашақ кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісіміміздің (EPCA) ажырамас  бөлігін құрайды», - делінген еуропалық дипломатияның мәлімдемесінде. 

Еске сала кетсек, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қырғыз Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды. 

2024 жылдың 17 қаңтарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа хат жолдап, онда Қырғызстан парламентінде қаралып жатқан «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасына алаңдаушылық білдірді. 

Садыр Жапаров жауабында әділдік пен бостандыққа ұмтылу қырғыз халқының генетикалық коды екенін атап өтіп, Блинкеннің хатындағы мемлекеттің ішкі ісіне араласу белгілерін атап өтті.