ЕО көшбасшыларының саммиті өтетін Брюссельге тракторлар колоннасы кірді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Еуропалық Одаққа мүше 27 ел басшыларының саммиті басталатын Брюссельге трактор мінген фермерлер келді.

Сәрсенбі күні кешке бельгиялық фермерлердің алғашқы колоннасы Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің үкімет басшыларына наразылық білдіру үшін қалаға кірді.
«Тракторлардың бірінші колоннасы Брюссельге кіріп, Еуропалық кварталға бет алды. Колонна орталықта және Кіші айналма жолында көлік қозғалысына кедергі келтіріп тұр. Намюр және Луиза туннельдері арасындағы жол қозғалысына шектеу қойылған», - деп хабарлады сәрсенбіде жергілікті полиция сайтынан.
Бельгиялық фермерлер Франция, Германия және ЕО-ның басқа елдеріндегі әріптестерінің ауқымды наразылық шараларына қосылды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері алымдар мен салықтың көтерілгеніне қарсы шығып отыр.
Еуроодақтың кезектен тыс саммиті өз жұмысын сағат 10.00-де бастайды. Еуропалық көшбасшылардың келіссөздер үстелінде ЕО-ның 2027 жылға дейінгі көпжылдық қаржылық жоспарын қайта қарау мәселесі бар. Құжат ЕО-ның барлық мүшесінің бірауыз шешімімен қабылдануы тиіс. Алайда өткен жылдың желтоқсанында Еуроодақ басшылары Еуроодақ бюджеті бойынша келісе алмады, осыған байланысты кездесу 1 ақпанға белгіленді.
Келісімде Украинаға көмек көрсету, заңсыз көші-қонмен күресу шараларын күшейту, шекараны қорғау және табиғи апаттарға бірлесіп әрекет ету бағдарламаларына қосымша қаражат қарастырылған.
Сонымен қатар Еуроодақ мүшелері Таяу Шығыстағы жағдайды талқыға салмақ. Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель Таяу Шығыстағы драмалық оқиғалар ЕО-ның барынша назар аударуын талап ететінін атап өтті.
«ХАМАС» кепілге алған барлық адам ешқандай алғышартсыз босатылуы керек. Бұдан басқа, біз Газадағы күрделі гуманитарлық жағдайды түзету үшін шұғыл түрде үлесімізді қосуымыз тиіс. Біз израильдіктер де, палестиналықтар үшін де тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ете алатын жалғыз өміршең нұсқа – екі мемлекеттің қатар өмір сүруіне негізделген саяси процесті қалай жандандыру керектігін талқылауымыз керек. Жалпы, біздің күш-жігеріміз барлық адамның халықаралық құқық пен халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», - деді Ш.Мишель.