ЕО көшбасшылары еуропалық институттардың басты лауазымдарына кандидатураларды талқылайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Брюссельде Еуроодаққа қатысушы 28 елдің мемлекет және үкімет басшыларының кезектен тыс саммиті басталды.
Онда еуропалық көшбасшылар таяу 5 жылға еуропалық институттардың басты лауазымдарына кандидатураларды талқылайды.
Еуроодақ көшбасшылары жаңадан бекітілген Еурокомиссияның басшысы Жан-Клод Юнкермен алдағы 2014 жылдың 1 қарашасынан алдағы 5 жылдық кезеңге жұмысқа кірісетін Еурокомиссияның жаңартылған құрамын қарастырады.
Еурокомиссияның жаңа басшысы Еурокеңеспен бірлесіп, ЕО-ға мүше мемлекеттер ұсынған кандидаттар арасында қызметтер бөлуі қажет. Көшбасшылардың баса назар аударатын лауазымның бірі ЕО-ның шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі болмақ. Қазіргі уақытта бұл қызметте - Кэтрин Эштон. Ал бұл лауазымға басты үміткерлердің бірі - Италия Сыртқы істер министрі Федерика Могерини. Бірақ, оның тағайындалуына Польша мен Балтық жағалауы елдері қарсылық танытуда.
Халықаралық ынтымақтастық және гуманитарлық көмек жөніндегі еурокомиссар Кристалина Георгиева да бұл қызметке үміткерлердің қатарында. Ал Польша өздері тарабынан елдің Сыртқы істер министрі Радослав Сикорскийді ұсынып отыр.
Еурокомиссияның құрамы ауысқаннан кейін 1 айдан соң Еурокеңес төрағасы Херман Ван Ромпейдің де мандаты аяқталады. Дегенмен, көшбасшылар оның ізбасарын сайлау науқанын жалғыз кандидаттың болмауы себепті кейінгі қалдыруы мүмкін. Бұл қызметке үміткерлер қатарында мыналар бар: Дания Премьер-министрі Хелле Торнинг-Шмитт, Голландия Үкіметінің басшысы Марк Рютте, Эстонияның бұрынғы Премьер-министрі Андрус Ансип.