ЕО Мемлекет басшылары АҚШ тарапынан жасалған электрондық тыңшылық туралы хабарламаларға байланысты арнайы мәлімдеме қабылдады
БРЮССЕЛЬ. 25 қазан. ҚазАқпарат - Брюссельде өтіп жатқан Еуроодаққа мүше-елдер көшбасшыларының саммиті барысында АҚШ тарапынан ЕО басшылығы мен азаматтарына жасалған электрондық тыңшылық туралы хабарламаларға байланысты арнайы мәлімдеме қабылданды.
«Біз ЕО және АҚШ арасындағы әріптестік өзара құрмет пен сенімге негізделуі тиіс деп ойлаймыз, бұл жұмыс әдістеріне де, арнайы қызметтер ынтымақтастығына да қатысты», - делінген мәлімдемеде.
Еуроодаққа мүше-елдердің мемлекет және үкімет басшылары ақпарат жинау лаңкестікке қарсы күрестің маңызды элементі болып табылатынын, алайда сенімді жоғалту мұндай ынтымақтастыққа нұқсан келтіруі мүмкін екенін баса айтты.
«ЕО Саммиті Франция және Германия мемлекеттерінің ағымдағы жылдың аяғына дейін осы мәселе бойынша өзара түсіністікке келу мақсатында АҚШ-пен екіжақты келіссөз жүргізу туралы ниетін назарға алды. Бұл бастаманы Еуроодақтың басқа мемлекеттері де қолдады», - деп атап айтылған құжатта.
Бұрын ҚазАқпарат хабарлағандай, Эдвард Сноуден жария еткен әшкерелеу мәліметтері Америка саясаткерлеріне кесірін тигізуі жалғасуда. Сноуденнің мәліметтеріне қарағанда, Американың арнайы қызметтері бірден әлемнің 35 елінің көшбасшысының телефондарын тыңдап отырған. Өткен аптада АҚШ-тың Париждегі елшісіне президент Франсуа Олландтың алдында ақталуына тура келді, сосын АҚШ президенті Барак Обаманың өзіне ГФР канцлері Ангела Меркельдің алдында ақталуына тура келді.