ЕО мен НАТО-ның басшылары жойқын зілзалаға байланысты Түркияға көңіл айтты
БРЮССЕЛЬ. 24 қазан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақ пен НАТО-ның басшылары Түркияның оңтүстік-шығысындағы Ван провинциясында болған жер сілкінісіне орай көңіл білдірді.
Апаттан кем дегенде 80 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды, ондаған ғимарат түгелдей қирап қалған.
«Біз Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын зілзала хабарына қатты қайғырдық. Біз қаза тапқандар мен жарақат алғандардың отбасыларымен біргеміз. Түркияның билігі мен халқына көңіл айтамыз», - делінген Еуроодақ Кеңесінің президенті ЕС Херман Ван Ромпей мен Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозаның бірлескен мәлімдемесінде.
Өз кезегінде НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Солтүстікатлантикалық альянс атынан жер сілкінісінің құрбандарына көңіл айтып, табиғат апатының салдарын жоюда Түркия билігіне кез келген көмек беруге дайындық туралы мәлім етті.
Жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 13.40-та Түркияның Ван провинциясында 7,2 балдық жойқын зілзала болды. Құтқарушылар үйінділер астында қалған адамдарды құтқаруда, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің нақты саны әлі белгісі. Алдын ала болжам бойынша, жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны мың адамға дейін жетуі мүмкін. Қазіргі таңда құтқарушылар жарақат алған 200 адамды ауруханаға жеткізді, 80 адамның опат болғаны анықталды. Қызыл крест есебін сүйенсек, провинцияда кем дегенде 50 тұрғын үй түгелімен қирап, мыңға жуық ғимаратқа зақым келген. Ван қаласынан басқа Түркияның шығысындағы тағы бірнеше қала, соның ішінде Карс, Ардаган және Эрзурум қалалары зардап шекті.
Ван қаласына Түркияның премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоган аттанған.