ЕО-мен жаңа кеңейтілген келісім Қазақстанның ұлттық ұстанымына сай келеді - Е. Ыдырысов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлімдеді. Жалпы отырыста сыртқы саясат ведомствосының басшысы «Бір жағынан Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттерінің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған болатын.

Еске сала кетейік, келісім Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 2008 жылғы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Құжатқа 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада қол қойылған болатын.
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, жаңа келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы 1995 жылы қол қойылып, 1999 жылы күшіне енген қолданыстағы келісімді алмастырады. Айта кетерлігі, қолданыстағы келісім ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты дамыту аясындағы өзінің рөлін толық атқарды. «Жаңа келісім Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым қатынасын жаңа, бүгінгі заман талаптарына сай, екі тараптың да сенімін ақтайтын ілгерімді форматқа ауыстырудың берік құқықтық негізіне айналады. 9 бөлімнен 287 баптан, сауда бөлігіндегі жеті қосымшадан тұратын Келісім ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтиды», - деді Е. Ыдырысов.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі Еуропалық Одақ - Қазақстанның аса маңызды әрі ірі сауда экономикалық әріптесі және инвесторы.
Тауар айналымының елу пайызы мен тартылған шетелдік инвестициялардың елу пайыздан астамы ЕО үлесіне тиесілі. Ал Қазақстанның ЕО жалпы тауар айналымының көлемі 26-орынды иелене отырып, ЕО-ның басты сауда әріптестерінің ішінде отыз ірі мемелкеттер қатарына енеді. Келісім кешенді сипаттағы құжат болып табылады.
«Келісім саяси диалогты нығайтуды арттырады, қағидатты түрде жаңа бағыттар ретінде ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күрес, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, атыс және жеңіл қараулардың таралымы, киберқылмысқа қарсы шаралар, дербес мәліметтерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласы, климаттың өзгеруі, құқық қорғау салаларын атап өтуге болады. Құжатта бостандық, қауіпсіздік, әділет және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастыққа да барынша мән беріліп отыр. ЕО инновациялар, ғылым және технология, білім және мәдениет өзара іс қимыл одан әрі дамытылады.
«Келісім арқылы Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді жеңілдету, Қазақстанды нарықтық экономикасы бар мәртебесін беру, еліміздің авиакомпанияларын ЕО шектеу тізімінен шығару жұмыстары жандана түседі.
Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа келісім еліміздің таңдап алған ұлттық бағытына, «Қазақстан-2050» стратегиясына, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға, бес институттық реформаны, Ұлт жоспарына толықтай сәйкес келеді»,- деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар