ЕО-ның Жоғарғы өкілі Малидегі жағдайды талқылау үшін Сыртқы істер жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысын шақыруда

БРЮССЕЛЬ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Малидегі жағдайды талқылау үшін осы аптаға Сыртқы істер жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысын белгіледі.

ЕО-ның Жоғарғы өкілі Малидегі жағдайды талқылау үшін Сыртқы істер жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысын шақыруда

Оған Еуроодаққа мүше-елдер СІМ-нің 27 басшысы кіреді.

Бұл туралы еуропалық шенеуніктің баспасөз қызметінен хабарланды.

К. Эштон атап өткендей, ол Малидегі соңғы оқиғаларға қатысты, сондай-ақ Мали үкіметі және осы ел халқына қолдау көрсету үшін Еуроодақ атқаруы мүмкін іс-әрекеттер турасында Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиуспен телефон арқылы сөйлесті.

Естеріңізге сала кетейік, Малидегі жағдай соңғы апталарда ушыға түсті. Елдің солтүстік аумақтарын басып алған экстремистік топтардың содырлары елдің орталық бөлігіндегі үкіметтік әскери жасақтарға шабуылдай бастады. Үкіметтік әскерлерге көмекке 10 қаңтар күні Малиге француздық әскерилер келді. Келесі күні Мали билігі елдің барлық аумағында төтенше жағдай енгізілетіндігі және жаппай мобилизация туралы жариялады.