ЕО Палестинаның алдағы уақытта өмірге бейімді мемлекет болуы үшін негіз қалауда
БРЮССЕЛЬ. 9 шілде. ҚазАқпарат - Еуроодақтың саяси және қаржылық қолдауы Палестинаның болашақта демократиялық және өмірге бейімді мемлекет болуы үшін негіз қалауда.
Бұл туралы Рамаллада Палестина автономиясы үкіметінің премьер-министрі Салам Файядпен болған кездесу қорытындыларында Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу мәлімдеді, деп хабарлайды ЕО-ның басты атқарушы органы жетекшісінің баспасөз қызметінен.
«Институттар мен инфрақұрылымды дамыту арқылы біз екі мемлекеттің құрылуына үлесімізді қосудамыз. Бұл біздің мақсатымызға айналады - бейбітшілік пен қауіпсіздікте көршілес тұрып жатқан екі мемлекет», - деді Ж.Баррозу.
Бұл ретте Еурокомиссияның төрағасы көрсетіліп отырған көмектің нақты мысалын келтіріп, Палестина премьерімен кездесуден кейін Иерихонға барып, Еурокомиссиямен бірігіп қаржыландырылатын полиция колледжін ашатынын атап өтті. Колледжде сондай-ақ 20 миллион еуроға ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарлануда, бұл қаражат автономиядағы заңның ұлықтылығы мен демократияны қолдауға бағытталған. «Бұл қолдауымыздың сөзбен ғана емес, іс жүзінде болып тұрғанын көрсетуде», - деп атап өтті Ж.Баррозу.