ЕО Ресейді өз әскерлерін тұрақты орналасқан орындарына қайтаруға шақырды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуроодақ Ресейді өз әскерлерін олардың тұрақты орналасқан жерлеріне шұғыл түрде қайтаруға шақырды. ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Брюссельде өткен ЕО 28 мүше-мемлекеттері СІМ басшыларының қатысуымен Еуроодақ сыртқы істері бойынша кеңесінің шұғыл отырысы қорытындылары бойынша осындай мәлімдеме жасады.
«Біз қазіргі дағдарысты (Украина төңірегіндегі) халықаралық құқықты толық құрметтей отырып, бейбіт шешу қажеттігіне кәміл сенімдіміз. Біз Ресейді өз әскерлерін Украинада орын тепкен Қаратеңіз флоты бойынша шартқа сәйкес оларды тұрақты орналасқан жерлеріне шұғыл қайтаруға шақырамыз», - деп атап өтті К.Эштон.
Соынмен бірге, оның айтуынша, сондай-ақ министрлер де Мәскеуді ядролық қарудан бас тартуына алмасу ретінде Украинаның аумақтық тұтастығына кепілдікті көздейтін 1994 жылғы Будапешт меморандумының ауқымында консультациялар өткізу жөніндегі Киевтің ұсынысымен келісуге шақырды.
Бұдан бұрын ҚазАқпарат хабарлағандай, 1 наурызда Федерация Кеңесі Владимир Путиннің Украина аумағына әскер кіргізу ұсынысын мақұлдаған болатын. Украинадағы саяси жанжалға араласуға ресейлік президентке Еуромайдан белсенділері қалыптастырған жаңа үкіметті мойындамаған Қырым жоғарғы кеңесі өтініш жасады.