ЕО санкциялар жөніндегі арнайы өкілі: Былтырдан бері Қазақстанмен айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанада өткен баспасөз конференцияда Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастың бір жылғы жұмысының қорытындысын мәлім етті.
«Менің Қазақстанға Ұлыбритания мен АҚШ-тан келген әріптестеріммен бірге жасаған сапарымнан бері Қазақстаннан 50 тауардың түріне ерекше мән беруді сұрағанбыз. Бұл санкцияға ілінген тауарлар мен бұйымдардың ең бір аз бөлшегі деуге болады. Мен ол 50 түрлі тауарды «майдан алаңынан табылған бұйымдар» деп атағанды жөн көремін. Өйткені ол бұйымдардың біздің украиналық әріптестеріміз майдан алаңындағы ресейлік қару-жарақтардан тапқан. Бұл жерде осы 50 түрлі тауар аталымы жалпы тауар айналымының 1 пайызын ғана құрайтынын айтқым келеді. Бұл бұйымдардың үлесі жалпы көлемі бойынша да, бағасы бойынша да өте шағын. Бірақ олардың қарулану ісінде құндылығы бар және соғыста деструктивтік бүлдіргіш сипатқа ие», - деді Еуропалық Одақ өкілі.

Сондай-ақ, ол былтыр сапарынан кейін Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы ұдайы бақылауда екенін айтты.
«Бұл мәселеде былтырғы 1 сәуірден бері белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізгенімізді атап өткім келеді. Біз аталған бұйымдардың Қазақстан арқылы жасалған импорт және реэкспорт көрсеткіштері айтарлықтай түскенін көріп отырмыз. Яғни, бұл жерде жағымды ілгерілеу айқын көрініп тұр. Бірақ өз тәжірибеме сүйеніп бұл бағыттағы жұмыс үнемі күш салып, ұдайы қайта қарап отыруды қажет етеді», - деді Дэвид О'Салливан.