ЕО Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін санкцияларды тоқтатады
АСТАНА. KAZINFORM – Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроның мәлімдеуінше, санкциялардың жеңілдетілуі энергетика, көлік және қаржы секторларына әсер етеді деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Еуроодақ сыртқы істер министрлері дүйсенбі күні Брюссельде өткен кездесуде Сирияға салынған санкцияларды алып тастау мәселесін талқылай бастады.
- Сирияға келетін болсақ, бүгін біз энергетика және көлік секторларына, сондай-ақ елдің экономикасын тұрақтандыруда маңызды рөл атқаратын қаржы мекемелеріне қолданылған кейбір санкцияларды алып тастау, тоқтату туралы шешім қабылдаймыз, - деп мәлімдеді Барро отырыс алдында.
Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кайя Каллас Reuters агенттігіне санкцияларды жеңілдету туралы келісімге қол жеткізіледі деп үміттенетінін мәлімдеді.
Бұған дейін ЕО Сирияның жаңа билігін «инклюзивті» саяси процесті жүзеге асыруға және адам құқықтарын, соның ішінде Сириядағы этникалық және діни азшылықтардың құқықтарын құрметтеуге шақырды. Брюссель және басқа астаналар Дамаскідегі «Хайят Тахрир аш-Шам» тобы (ХТШ – Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) басқаратын уақытша үкіметпен тікелей байланыс орнатып үлгерді.
Брюссельдегі дипломаттар шешім қабылдау үшін консенсус жеткілікті деп санайды, бірақ санкциялар толығымен жойылмайтынын ескертті. Оның орнына олар уақытша «тоқтатылады» және егер ХТШ инклюзивті басқару туралы уәделерін орындамаса, санкцияларды қалпына келтіруі мүмкін «қосалқы механизммен» толықтырылады.
Сыртқы істер министрлерінің кездесуі ХТШ ел үшін маңызды деп санайтын санкцияларды жеңілдету туралы саяси келісімге әкеледі деп күтіліп отыр.
Бүгінде бұрынғы президент Башар Асад билігі кезінде салынған батыс санкцияларының қатаң режимі оның экономикасын әлемнің қалған бөлігінен ажыратып отыр. Сирияда 13 жылға созылған азаматтық соғыс кезінде батыс мемлекеттері Сирияға экспортты күрт шектеп, дипломатиялық және қаржылық байланыстарды үзді.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 8 желтоқсанында Сирия президенті Башар Асад ел астанасынан кетіп қалды.