ЕО темекіге қарсы заңнаманы қатайтуда
БРЮССЕЛЬ. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - ЕО Кеңесі темекі өнімдері өндірісі мен сату ұстанымдарына, оларды орау және 2016 жылы сатуға шығарылатын электрондық сигареттерді сату ережелеріне жаңа шектеулерді келісті. Бұл туралы ЕО Кеңесінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа ережелер бойынша, сигарет қорабының немесе кез келген темекі өнімдері орамасының 65 пайыз көлемі темекінің зияны жөнінде ескертпелермен қамтылуы тиіс. Оларда міндетті түрде «Темекі шегу өлімге соқтырады, тезірек тастаңыз» және «Темекі түтінінде қатерлі ісік тудыратын 70-тен астам зат бар» деген жазулар болуы қажет. Кейбір елдердің үкіметтері өз аумағында бұдан да қатаң талаптар енгізе алады. Қазіргі кезде мұндай ескертулер темекі қорабының 30 пайызын ғана қамтитынын атап өткен жөн.
Тағы бір маңызды жаңалықтардың бірі - хош иістендіргіштерді қосуға тыйым салуға қатысты. 2016 жылдан бастап Еуропада өндірілетін және сатылатын сигареттерге ваниль мен жеміс иісін қосуға, ал 2020 жылдан - ментолды сигареттерге тыйым салынады. Еурокомиссия мұндай шешім жастардың, ең алдымен жас әйелдердің темекіге құштарлығын төмендетеді деп санайды.
Денсаулық сақтау және тұтынушылар істері жөніндегі еурокомиссар Тонио Борг «неғұрлым ірі жазылған ескертулер темекі шегудің денсаулыққа келтіретін ауыр салдарын еске салады және адамдардың саналы таңдау жасауына көмектеседі», деп атап өтті.
Жаңа директива 1 мл көлемдегі картриджінде никотин 20 мг-ден аспайтын электрондық сигареттерді еркін сатуға рұқсат береді, бұл жағдайда олардың көлемі 10 мл-ден аспауы тиіс. Никотині неғұрлым жоғары немесе картридждер көлемі үлкен электрондық сигареттер дәріханаларда ғана сатылатын болады.
ЕО елдері ұлттық деңгейде темекі өнімдерін электрондық сатуға, соның ішінде бірыңғай еуропалық құрылымның басқа елдеріне тапсырыс беруге тыйым салу құқығына ие болды. Бұл қағида еуропалық біртұтас нарық ұстанымдарын тікелей бұзу болып табылатынына қарамастан, темекі өнімдеріне қатысты осындай ерекше тәртіп енгізіліп отыр.