ЕО, Тунис, Өзбекстан және Оман хуситтердің Сауд Арабиясына жасаған шабуылын айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Хуситтердің Сауд Арабиясына зымыран және дрондарды қолдана отырып бірнеше мәрте жасаған шабуылына халықаралық қоғамдастық қарсылық танытты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ЕС, Тунис, Узбекистан и Оман осудили атаки хуситов на Саудовскую Аравию
Фото: Saudi Press Agency

Еуропа одағы, Тунис, Өзбекстан және Оман хуситтердің таяуда Сауд Арабиясына жасаған шабуылын айыптап, Сауд еліне ниеттестік білдірді. Бұл жөнінде жұма күні Сауд баспа агенттігіне сілтеме жасай Asharq Al-Awsat басылымы жазды.

ЕО бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар, соның ішінде Меккеге шабуыл жасауға ұмтылу — өрескел әрекет деп атады.

Брюссель хуситтерді Йемендегі тоқтатуға шақырып, әскери әрекеттердің қақтығысты саяси тұрғыдан реттеуге кедергі келтіретінін және аймақтық қауіпсіздікке төнетін қауіптерді күшейтетінін ескертті.

Тунис, Өзбекстан және Оман бұл шабуылдарды Сауд Арабиясының қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіру, сондай-ақ оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу деп атады. Аталған елдер Сауд Корольдігінің өз қауіпсіздігін қорғауға және теңізде жүзу еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін хуситтердің шабуылын Иордания, Бахрейн, Кувейт, Мысыр, Пәкістан және Түркия да айыптаған болатын. Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Мұсылман әлемі лигасы және Мысырдың Әл-Азһар университеті де мәлімдемелер жасаған.

Еске сала кетейік, хуситтер Сауд Арабиясының қалаларына, әскери нысандарына және энергетикалық инфрақұрылымдарына бірқатар шабуыл ұйымдастырған.

Таиф провинциясында дрон сынықтары бір адамның өліміне себепші болды, тағы екі адам жараланған.

Сауд Арабиясы сонымен қатар сейсенбі күні елдің әуе қорғаныс күштері Меккенің оңтүстігінде қаланың тыйым салынған әуе кеңістігін бұзып кірмек болған дронды жойғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде, хусит қозғалысының өкілдері Меккеге шабуыл жасау әрекетін жоққа шығарып, олардың көздегені әскери және энергетикалық нысандар болғанын мәлімдеді.

Жұма күні хуситтер өздерінің бақылауындағы Йемен аумағында Сауд Арабиясының 37 әуе шабуылы болғанын хабарлады.

Хуситтер Сауд Арабиясы Йеменге 37 рет әуе соққысын жасағанын мәлімдеді

Нұрлан Тұяқов