ЕО Украинаға 6 наурызда жүздеген миллиард еуро қаржы бөлуі мүмкін - Макрон

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Одақ 6 наурызда өтетін саммитінде Украинаға жүздеген миллиард еуро көлемінде қаржы бөлуді мақұлдауы мүмкін. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон La Tribune газетіне берген сұхбатында айтты, деп жазды ТАСС.

Макрон
Фото: lemonde.fr

- Бұл кездесудің мақсаты - Украинаға қолдауды күшейту және Еурокомиссияға мүмкіндігінше тезірек ауқымды бірлескен қаржыландыруды бастау мандатын беру. Өйткені, біздің қауіпсіздігімізге қатер төніп тұр. Бұл орайда, 6 наурыздағы саммит өте маңызды. Ол кезде ауқымды қаржыландыру жүздеген миллиард еуроны құрауы мүмкін, - деді француз басшысы.

Газет жазғандай, Франция президенті Украинаны қаржыландыру және еуропалық қауіпсіздік архитектурасын құру жылдарға созылатынына сенімді.

- Сондықтан біз қысқа мерзімде АҚШ-тың қолдауын сақтау үшін барлығын жасауымыз керек, - деген Макрон.

Ол АҚШ президенті Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасындағы кикілжіңге қатысты пікірінде екі жақты да сабырға шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ пен Ресей арасында Украинаға қатысты келіссөздердің екінші раунды туралы мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар