ЕО Украинаның бірлігін, егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын сақтауға шақырды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон Украинаның бірлігін, егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын сақтауға шақырды.
Бұл туралы оның Украинадағы жағдай бойынша мәлімдемесінде айтылған.
«Мен украин халқының заңды демократиялық ұмтылысын орындау үшін барлық тарапты сындарлы диалогқа қатысуды жалғастыруға шақырамын. Еуроодақ Украинадағы барлық тарап өзін елдің бірлігін, егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қорғауға сәйкес ұстайды деп күтеді», - деді К.Эштон.
Еуропалық сыртқы саясат қызметінің басшысы саяси дағдарысты ұзақ мерзімге шешу қажет, ол үшін конституцияны реформалау, жаңа үкімет құру және демократиялық сайлауға жағдай туғызу қажет екенін атап өтті.
Сонымен бірге, К.Эштон бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың босатылуын құптады, мұны елдегі сайлау әділеттігімен байланысты мәселені шешуде алға қарай маңызды қадам деп атады.
Еске сала кетейік, сенбі күні, 22 ақпанда Жоғарғы Рада экс-премьерді босатуға мүмкіндік беретін «Юлия Тимошенкоға қатысты Украинаның халықаралық міндеттемелерін орындау туралы» қаулы қабылдады. Депутаттар Украинаның Қылмыстық кодексінен бірқатар баптарды, соның ішінде 2011 жылы экс-премьер сотталған 365-бапты (билікті немесе қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану) алып тастауға шешім шығарды. Ол қазірдің өзінде парламент 25 мамырға белгілеген Украина президентін сайлауға қатысатынын мәлімдеді.