ЕО Жоғарғы өкілі Түркия мен Армения арасындағы қатынасты тұрақтандыру жөніндегі «жол картасын» құптайды
БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Еуроодақтың жалпы сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Хавьер Солана өз мәлімдемесінде Түркия мен Армения арасындағы қатынастарды тұрақтандыру жөніндегі келіссөздер үрдісін құптайтынын білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл ? екі ел үшін де жақсы хабар және жалпы Еуропа үшін аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қосылған өте маңызды үлес», - делінген Х.Солананың мәлімдемесінде. ЕО Жоғарғы өкілі «жол картасында» келісілген ауқымда әрекет ету және таяу арада қатынастарды тұрақтандыру үшін тараптарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырды.Құжатта Еуроодақ өз қолдауы мен көмегін көрсетуге дайын екендігі айтылған.Армения мен Түркия Сыртқы істер министрліктері, сондай-ақ Швейцария Конфедерациясының сыртқы істер департаменті армян-түрік қатынасын тұрақтандыру жөніндегі келіссөздер үрдісінде «жол картасы» белгіленгендігін мәлімдеді.Естеріңізге сала кетейік, Түркия Армениямен шекараны 1993 жылы жапты және сол сәттен бастап дипломатиялық байланыс үзілген болатын. Бұған Осман империясының армяндарға қарсы жасалған геноцидін мойындату туралы армян тарапының талабына байланысты Ереванның Түркияға қарсы кеңейтілген науқаны және Әзірбайжан жерінің бөлігін Арменияның басып алуы себеп болған еді.