Эпидахуал нашарлады: Бекшин алматылықтарға үндеу жолдады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мегаполис тұрғындарынан демалыс және мейрам күндері карантин талаптарын қатаң ұстануды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен 60 жастан асқан аға буын өкілдеріне жүгінгім келеді: бірінші кезекте Сіздер өте мұқият болыңыздар. Тойға баруды тоқтау керек. Адамдар тойды жасырын түрде жасайтынын біз білеміз», - деді Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында.
Ол қалада карантинді бұзу фактілері күндіз де, түнде де тіркеліп жатқанын атап өтті.
«Менің жастарға айтарым бар, өзімшілдікті қою керек. Сіздер жассыздар, ауру сіздерде симптомсыз өтуі мүмкін. Бірақ инфекцияны үйлеріңізге апарасыздар. Салдарынан инфекциялардың 37% отбасыларда тіркеледі. Осы фактілерді ескере отырып, жасырын жұмыс істейтін түнгі клубтар мен мейрамханаларға барудан бас тарту керек», - деді Ж.Бекшин.